Түркияға аттанған велошабандоз Әулиекөлден өтті

«Хабар 24» арнасының тілшісі, велошабандоз Ернат Қашқыновтың Түркияға аттанғаны белгілі.

Ол сапарын Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арнап, ұлт ұстазының туған жері Ақкөлден бастаған еді. Кеше Әулиекөлге жетті. Өрт шарпыған ауылдарды көрді. Ең бастысы елдің бірлігін, ынтымағын көрдік дейді ол. Бүгін одан әрі сапарын жалғастырды. Бұйырса, қонаға Қостанайдың өз басына жетіп жығылады.

Ернат Қашқынов, әуесқой велошабандоз

Ернат Қостанайдан кейін Ақтөбе, Атырау, Маңғыстауды басып өтіп Әзербайжан, Грузия арқылы Түркияға өтеді. Велошабандоз бұған дейін Кенесары бабасын ұлықтап Қарағандыға барып қайтқан еді. Енді ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күнінде жолға шыққан ол, сапарын Ыстамбұлда аяқтайды. Ондағы мақсат Мұстафа Өзтүріктің басына барып, тәу ету. Осы аралықта 55 күн жол жүріп, 5 мың 555 шақырымды басып өтпек.