Каспий тартылып барады

Экологтар Каспийдің тартылуын теңізге құятын Еділ мен Жайық суының мөлшері азаюымен байланыстырады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ресей аумағындағы өзен бойында су қоймалары көптеп салынып жатыр. Яғни, сол жақта қалып қоятын су мөлшері жыл санап ұлғайып келеді. Сондықтан, теңізге мейлінше көбірек су жіберу бойынша 2 мемлекет келісімге келуі керек» - дейді табиғат жанашырлары. 

Орынбасар Тоғжанов, эколог:

- Ресей мен Қазақстанның эколог-мамандары кездесіп, талай пікірлескен жағдай болды. Сонда бізге ана Жайықтың суы азайып кетті. Су жіберсеңдерші дегенімізде, олар айтады. «Көрші ағайын, Жайық бассейніндегі халық саны осыдан 50 жыл бұрынғыға қарағанда 6 есе өсіп кетті. Ол адамның барлығы суды пайдаланады. Және бұрынғы кеңес үкіметі кезіндегідей жоспарлау мүмкін емес қазір. Сондықтан, бізді кінәламауды сұраймыз деген әңгіме айтады.

Кирилл Осин, эколог:

- Әлемдік климаттың өзгеруімен аптап мезгілдің ұзарды. Мұның Каспийге де кері әсері бар. Теңізге 140-қа тарта өзен құйды. Қазір кейбірі мүлдем тартылып қалды. Бұл, дабыл қағатын жайт.

Энергокомбинат теңіз суын тұщытып беретін Ақтау халқы ала жаздай  ауыз суға жарымады. Күндіз су қысымы төмендеуімен қаланың жоғары бөлігіндегі шағын аудандарға кестемен берілді. Жоғары қабатта тұратындар тек түнде келетін тіршілік нәрін бар ыдысқа жинап алады. Күндіз сол суға ас пісіріп, артылғанын әжетханаға құяды. Жуыну үшін таңғы 4-те тұруға мәжбүр болғанын айтады.

Меруерт Әбдіханова, қала тұрғыны:

- Су болмай қалады нөл. Соның кесірінен даладан тасимыз, үйімізден кетуге мәжбүр боламыз. Әкімдік насос қондыру керек деді.

Нұрлан Орынбасаров, облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының орынбасары

- Ескі шағын аудандарда 9 қабатты, 12 қабатты тұрғын үйлерге орнатылып отыр. Ал, жаңа шағынаудан тұрғындары өздерінің застройщиктері бар, басқарушы компанияларымен бірлесіп қондыру қажет. Тиісті қаражат жинақтап, насосты сатып алған жағдайда әкімдік тарапынан «Каспий жылу су арнасы» арқылы орнатып беру мәселесі қарастырылатын болады.

Келер жылы ауыз су Ақтауға, Мұнайлы мен Түпқараған ауданына үзіліссіз беріледі деп ешкім айта алмады. Қысым тиісті деңгейде болмаса, көпқабатты үйлерге насос орнатудың да пайдасы жоқ, - дейді мамандар. 2025 жылға дейін Маңғыстауда кезең-кезеңімен жалпы қуаты 286 мың текше метр болатын 9 жоба жүзеге асады. Соның алтауы Каспий суын тұщытуға қатысты. Егер теңіздің деңгейі қазіргіден де төмендейтін болса, олар қаншалықты тиімді болмақ? Бұл сауал да әзірге ашық күйде қалды.

Авторлары:Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев