Жамбыл облысында бір ауылдың тұрғындары жарық ақысын Қырғызстанға төлейді

Меркі ауданындағы Жауғаш батыр ауылының жұрты 20 жылдан бері көрші елге жалтақтап келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өңір билігі жарық желісін тартпаған соң айыр қалпақты ағайыннан үстемелеп тоқ алуға мәжбүр. Ауылдықтар жарық ақысын төлеудің өзі машақат дейді.

Өмірбек Оралбаев, Жауғаш батыр ауылының тұрғыны:

Шекарадан өту керек. Ол жаққа барып долларға айырбастап, оны жаңағы қайтадан сомға айырбастап өткіземіз. Қырғызстанға барлық несін үстемелеп қосып, кеден салығының 12 процентін Қазақстанға төлейміз.

Халықтың халықаралық тарифті төлеуге шамасы жетпесе де амалы жоқ. Әр үй айына 20-25 мың теңгеден береді. Бірақ жиі өшетін желіні жөндеуге жарық беруші мекеменің құлқы жоқ.

Сағат Жақсымбетов, Жауғаш батыр ауылының тұрғыны:

– Қырғызстан беруін беріп тұр. Бірақ кішкене жел тұрса да өшіп қалады. Бір күн өшіп қалады. Ол жаққа бара алмаймыз. Шекарадан өте алмаймыз. Өту үшін біз 80 км айналып баруымыз керек.

Елді мекенмен қатар осында орналасқан екі әскери бөлім де қырғыздан тоқ алады. Бұл жағдайды аудан әкімдігі жақсы біледі. Бірақ желі жүргізуге қажетті ауқымды қаржыны аудан бюджеті көтермейтінін айтады.

Қайрат Арғынбаев, Меркі ауданы әкімінің міндетін атқарушы:

Трансформаторы болған, электр желісі болған. Кезінде ұрланып кеткен, тоналып кеткен. Соның салдарынан электр желісі жоқ. 2021 жылы жобалық сметалық құжаттама әзірленіп басталды. Биыл экспертизадан өтті.  Салалық басқармаға берілген бюджеттік өтінім. Бүгінгі таңда пока қолдау таппай жатыр.

Жолданған хатты, энергетика басқармасы жауапты министрлікке жіберген. Бірақ бірінші жартыжылдықта өткізілген құжатқа жауап болмапты.

Айта кетер ақпар, Жауғаш батыр ауылына жарық жеткізу үшін 532 млн тг қажет.

Авторлары: Мерей Бает Руслан Ахатіллә