Жетісу облысында 11 мың га жер мемлекет меншігіне қайтарылды

Панфилов ауданында инвестициялық жобаларға бөлінген 11 мың га жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Ал осы аумақта салынуы тиіс нысандардың әлі күнге бірі кірпіші де қаланбаған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мұны аудан прокурорлары анықтады. Енді жер қайтарылып, қоғамдық мақсатта пайдаланылады. Шолақай ауылы тұрғындарының жайылымды қоғамдық меншікке қайтара алмай жүргеніне екі жыл болды. Елді мекен жанындағы 1200 гектар кезінде инвест жобамен жекеменшікке беріліп кеткен. 

Болатбек Қалиев, Шолақай ауылының тұрғыны:

– Табынды жайғанда құжаттары болмайкеледі. Мына жерге жаймаңдар жекеменшігіміз шабамыз, баз саламыз деп, әркім келіп, қожайын болып алады. Жүресің сол, тақырда мал тоймайтын жерде. 

Талай мекеменің табалдырығын тоздырған ауыл тұрғындарының талабы орындалды. Көпшіліктің шағымынан соң прокурорлар аталған аумақты мемлекет меншігіне қайтаруға ықпал еткен. Құзырлы орган аймақта 11 мың гектар жердің  игерілмей жатқанын да анықтады. 

Бауыржан Тойбаев, Панфилов ауданының прокуроры:

– Панфилов ауданының аумағында 40 инвест жоба жүзеге асырылған. Біздің тексеру нәтижесінде алтауы іске асырылмаған соң біз жергілікті атқарушы органға қадағалау актісін енгізіп, инвестициялық жобаға алған жер учаскесін қайтарып, ол деген 12 мың гектарға жуық. Кадастрлық құны 90 млн шамасында.

Атқарылған жұмыс нәтижесінде ауданда жер мәселесі өз шешімін тауып келеді. Кезінде жайылым тапшылығы аймақтағы ең өзекті проблеманың бірі болған.

Жұмағазы Наймантаев, аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы:

– Қазір бізде 14 ауылдық округ бар. 14 округтің сұранысы бойынша бекітіліп қанағаттандырылды. Бүгінгі күні картасын сызып, бізге мына жер керек деп алып келгендері бәрі бекітіліп, бәрі қанағаттандырылды. Жайылым мәселесі шешілді. 70 мыңнан астам қоғамдық жайылым үшін беріліп отыр.

Әкімдік қызметкерлерінің айтуынша, қазір мемлекет меншігіне қайтарылған жерлердің құжаттары жасалып жатыр. Жұмыс бірер айда аяқталады. Сол кезде ауыл тұрғындары жайылымнан тарықпай, төрт-түлігін емін-еркін өрістететін болады. 

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев