Алаяқтар елді алдаудың тағы бір түрін ойлап тапқан

Алданып жатқандар көп. Алаяқ сізден затты сатып алған сияқты болады. Яғни ұялы телефонындағы қаржы түсті деген жазуды көрсетіп, іле-шала із суытады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал шын мәнінде сатушыға бір тиын да аудармайды. Жалған түбіртектің түпнұсқадан ешқандай айырмашылығы жоқ. Биылдың өзінде Алматы қаласының Криминалдық полициясы мыңнан астам алаяқтық дерегін тіркеген. Олардың басым бөлігі мобильді банкинг қосымшалары арқылы ақша аудару кезінде жасалған. Шын мәнінде, қаржы аударымын жасаған кезде ұялы телефонға электронды чек келеді. Ал жалған төлем жасаған кезде бұл болмайды. Тек қана аударым түсті деген жазу көрінеді. Алаяқтар осының бәрін электронды бот арқылы жасайды.

Мақсат, жәбірленуші:

Алаяқ телефон сатып аларда мені 210 мың теңгеге алдап кетті. Шынымды айтсам күмәнді ештеңе байқаған жоқпын. Бәрі көз алдымда қас-қағым сәтте болды. Аударым түсті дегенді көрсетті де кетіп қалды. Тіпті мен оның үстінен арыз жазбадым. Бәрібір таппайтын шығар деп ойладым. Ондай алаяқтарды қолға түсіру өте қиын. Олар қулық-сұмдықтың бәрін біледі. 

Алматының бір ғанаАлатау ауданында 20-дан аса дерек тіркелген. Олардың барлығы алданып қалғанын кейін бірақ білген. Себебі ақша әне-міне түседі деп күтіп жүріп қалған. Прокурорлар зардап шеккендер: «Бұдан да көп болуы мүмін. Бірақ олардың бәрі бірдей құқық қорғау органдарына жүгіне бермейді», – дейді.

Ізбасар Масақбаев, Алатау ауданының прокуроры:

– Чектердің түбіртектерін жалған жасау мәселесі бойынша бізде 3 қылмыстық іс тіркелді. Екеуі бойынша сот үкімі шықты. Біреуі бойынша қазіргі таңда адам ұсталған. Тергеу іс-әрекеттері жасалып жатыр. Қазір тосқауыл қою мәселесі бойынша біз өз тарапымыздан прокурорлық акт сотқа енгіздік. Қазір соттта қаралып жатыр. Қазіргі таңда бізде 5 интернет желісі бар. Телеграм ботқа қатысты.

Қазір прокурорлар екінші деңгейлі банктерге қорғау шараларын күшейтуге қатысты ұсыныстар жолдады. Айта кетейік, Қылмыстық кодексте бір рет алаяқтық жасағандардың өзін екі жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген. Бастысы онлайн төлем жасағанда немесе қаржы аударымы кезінде түбіртекті талап етіңіз.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Назгүл Бошан, Әбен Нарынбаев