Атырауда балалар KPI зауытын аралады

Атырау облысындағы жылына 500 мың тонна полипропилен өндіруге қауқарлы KPI зауыты өз қызметкерлерінің балаларына арнап экскурсия ұйымдастырды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сонымен қатар арнайы шақырылған 50-ден астам бүлдіршін балалар жылы аясында өткізілген KPI – Қазақстанның болашағы» атты сурет байқауына қатысты. «КРІ» – еліміздің мұнай-химия өнеркәсібінде шикізатты терең өңдейтін алғашқы ең ірі зауыт. Компания басшылығы өз қызметкерлерін әлеуметтік қолдау мақсатында түрлі көмек көрсетіп келеді. Қызметкерлердің балаларына арнап ұйымдастырылған экскурсия мен байқау да бүлдіршіндердің көңілінен шықты.

Іңкәр Төлетай, қатысушы:

– Мен мұнда полипропиленнен ойыншық, маска, секілді түрлі қажетті заттың жасалатынын білдім. Тіпті әкем киіп жүрген мына каска осы шикізаттан дайындалады екен. Өскесін осы салада қызмет еткім келеді.

Ри На Ким, қатысушы:

– Маған әкемнің жұмыс орыны ұнады. Пропиленнің не екенін де білдік. Зауыт қызметкерлері бізді жұмыс барысымен таныстырды.

 «KPI» – Қазақстанның болашағы» атты сурет байқауының жеңімпаздарымен қатар барлық қатысушыға алғыс хаттар мен сыйлықтар табысталды. Жүлдегерлерді зауыт қызметкерлері онлай-дауыс беру арқылы анықтаған.

Әсел Жайлашева, «KPI» ЖШС қызметкерлермен жұмыс басқармасының басшысы:

– KPI – Қазақстанның болашағы». Балалар – біздің ертеңіміз. Компания қызметкерлері мен олардың жанұясына көп көңіл бөліп, көмек көрсетіп келеді. Себебі отбасындағы жағдайдың жақсы болуы, қызметкерлердің жұмысына да оң әсер етеді. Біз бүгінгі экскурсия арқылы балалардың мұнай химия саласына деген қызығушылығын арттыра алдық деген үміттемін.

Балалар зауыттың қызық та қиындыққа толы жұмысымен танысып, жақсы әсермен қайтты. Зауыт басшылығының сөзінше мұндай іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Жандос Рахметуллин