Кореядан будда дінінің өкілдері елордада өтетін съезге келді

Дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезіне төрткүл дүниеден қонақтар келіп жатыр. Олардың арасында буддалық Чоге орденінің екі өкілі бар. 

Монахтар үшін Ентапса храмы әрі жұмыс орны, әрі үй. Олар бүкіл өмірін Буддаға арнайды. Отбасын құра алмайды, ішімдік пен мал азығын пайдалана алмайды. Осындай ұстанымды берік ұстанған адамдар бұл ғибадатханада мың жылдан бері өмір сүріп келеді. 372 жылы Кореяға Қытайдан келген буддизм елдегі алғашқы және негізгі дәстүрлі дінге айналды. Десе де қазір бұл жолды ұстанушылар саны айтарлықтай азайған. 2021 жылғы сауалнамаға сәйкес, Кореядағы 51 миллион адамның 17% – буддист. Ел тұрғындарының 20% протестанттық шіркеулерге барады, сауалнамаға қатысқан оңтүстік кореялықтардың 11% өзін католик санайды екен. Ал халықтың жартысынан көбі атеист.

Сан Джун, Чоге ордені департаментінің бас менеджері:

- Біздің Ентапса храмымыз 1000 жыл бұрын Силла дәуірінде құрылған. Кореяда осындай 700-ге жуық көне ғибадатхана бар. Жергілікті тұрғындар арасында буддистер көп емес, сондықтан бізге келушілдіңр саны аз. Экскурсияға негізінен мектеп оқушылары мен туристер келеді. 

Елдің мәдениеті мен тарихымен танысу үшін адамдар Ентапса ғибадатханасына келеді. Мұнда 13 ғасырға созылған Корё дәуірінің бірегей нысандары сақталған. Бұл алтын жалатылған қола Будда, оның жартасқа қашалған тағы бір бейнесі, сондай-ақ жеті деңгейлі пагода. Аз ғана ақыға туристерге денсаулығын жақсартып, күнделікті тіршіліктің күйбеңінен арылуы үшін храмда тұруға рұқсат етілген. Көбінесе олар көктемде, Будданың туған күніне орай келеді, Кореяда бұл күн ресми мемлекеттік мереке. Чоге орденінің мүшелері саяси өмірге араласпаса да, билік олардың пікіріне құлақ асады. Өйткені елде буддизмді ұстанатындардың саны 7 миллионнан асады.

Владислав Цой, Ольга Лян