Елордада әрбір сегізінші көлік улы газ шығарады

Жолдағы көлік көбеймесе азайып жатқан жоқ. Мәселен елордада жүрген әрбір сегізінші автокөлік ауаға улы газ таратады. Экологтар осылай деп дабыл қағып жатыр. Мамандар екі ай бойы  мониторинг жүргізіп талапқа сай келмейтін 1800-дей көлікті анықтаған. Салдарынан атмосфераға таралып жатқан қауіпті улы газдың мөлшері күннен күнге артып барады. Қалада тыныс алу жолдары қабынған науқастар саны да күрт өскен.

Елордада улы газ бөлетін көліктер қаптап барады. Экологтар маусым айынан бері мониторинг жасап 10 мыңнан астам көлікті тексерген. Нәтижесінде оның 18 процентке жуығы  талапқа сай болмай шықты. Қазір қалаға кіре берісте екі жерде жылжымалы зертхана күнделікті жұмыс істеп тұр. Бекетке біз де барып рейдке қатыстық. 

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

- Улы газды тек қана ескі көліктерден ғана шығады деген  жаңсақ пікір. Мамандардың айтуынша улы газды жаңа көліктер де яғни екі мың он, тіпті екі мың жиырмасыншы жылы шыққан көліктерден де улы газ бөлінетін көрінеді. Қазір міне біз 2019 жылы шыққан шевролет круиз көлігін тексеріп жатырмыз. Мамандар айтып берсін?

Әкімхан Мұратханов, эколог оператор:

- Бұл көлікте углерод оксиді нормадан екі есе асып кетті. Бірінші рет асып кеткені үшін ескерту алады. Екінші рет анықталса штраф салынады. 

Жылжымалы зертхана жанында бір сағаттай тұрып 20 шақты темір тұлпар тоқтатылды. Көліктер бес түрлі улы компонентке тексеріліп бірнеше жүргізушіге ескерту берілді. Олар ақауды жоймаса келесі жолы 30 мың теңгеден астам айыппұл салынады. Рейд барысында полицейлердің де қызметтік көлігін тексеруді жөн көрдік.

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

- Міне мынау полиция қызметкерлерінің көлігі қызметте пайдаланып жүрген. Қазір тексеретін боламыз талапқа сай ма, сай емес пе? Олжас қарап айта аламыз ба? Өлшемдер арнайы программада жүргізіледі. Ешқандай кемшілік жоқ па? Мына жердегі бес компонент бойынша да?

Пока ешқандай превышение жоқ. Егер превышение болған жағдайда мына жерде қызыл болып көрсетіледі. 

Қалада жүрген көліктердің көбісінде катализатор жоқ. Тәжірибелі автомеханик Думан Заманбектің айтуынша жүргізушілер оны болар-болмас ақшаға сатып жіберетін көрінеді. Оған жөндетуге келген көліктің 70 процентінде улы газдың шамадан тыс бөлінуін қамтамасыз ететін қондырғы болмайды екен.

Думан Заманбек, автомеханик:

- Катализатор дегеніміз машинаның глушителінің мына жерде тұрады негізінен. Мына машинада қазір жоқ.  Негізінен ол машинадан шыққан улы газдарды осы жерде ұстап қалу үшін тұрады. Ескі машиналарда ол болмайды. Болған жағдайда бітеліп қалады. Әсіресе осындай жабық жерлерде 10 минут катализаторсыз оталдырып қойсаңыз өте тез мынаның іші түтінденіп кетеді. Ал катализатор болса екі сағатқа дейін ештеңе болмайды.  

Осындай ақауы бар автокөліктерден атмосфераға жарты жылда орта есеппен 35 тонна улы газ таралған. Соның салдарынан астанада тыныс жолы аурулары мен аллергияға шалдыққандар қатары көбейген. 

Рафаил Розенсон, аллерголог:

- Көліктерден шыққан улы газ адам денсаулығына аса зиян. Ол тыныс жолдарын зақымдап бронхитке әкеп соғады. Жүрек аурулары, тіпті онкологияға ұласып кетуі мүмкін. Әсіресе дизель отынынан бөлінетін газ аса қауіпті. Қазір аллергияға шалдыққан науқастар күннен күнге көбейіп барады. Тек менің өзіме бір айда 500 адамға жуық адам ем қабылдауға келеді.   

Мамандар көліктерден шыққан түтін ауаға у шашып жүргенмен тең деп отыр. Мұның алдын алып қатаң шара қолданбаса зардабы талай адамға тиері анық.

Руслан Бақытбекұлы, Нұрғали Мамырбаев