Қарағанды облысында екі жылда 92 амбулатория салынады

Шалғайдағы Қаракөл ауылында тұратын көпбалалы ана Наталья Осипова жедел жәрдемді жиі шақыртады.

Қан қысымы жоғары, қос бүйрегі ауырады екен. Алайда сонау Егіндібұлақ селосынан келетін дәрігерді ұзақ күтуге тура келеді.

Наталья Осипова, Қаракөл ауылының тұрғыны:

- Әрине, ауылымызда болғаны жақсы ғой. Жақын жерден ашылғанын қалаймыз. Ауылымызда дәрігер жоқ, сол қиын. Сәл бір жеріміз ауырса шақыртуға тура келеді. Пәлен шақырым жер ғой. Жиі шақыртамын. Балаларыма шақыртамын. Жиі өзім ауырамын, атам бар үйде. Ол кісі де жиі ауырады.   

Ауылдағы ескі амбулатория екі жыл бұрын жабылып қалған. Халық саны жетіспейді. Ал талап бойынша 50 тұрғыннан кем болмау керек. Бірақ жергілікті әкімінің айтуынша, қазір мұнда 170 адам тұрады екен. Өкінішке қарай соның тек 40 ғана мекен-жайы бойынша ресми тіркелген. Егер қалғанын тізімге алса амбулаторияны ашуға болады.

Үміт Оспанова, Қаракөл ауылының тұрғыны:

- Біздің ауылда өзі бұрын үлкен медпункт болған. Қазір ол орын тұр. Медпункт дайын, іші бәрі жақсы. Осыдан үш жыл бұрын ауылға ешкім келмегендіктен, дәрігердің болмағандығынан жабылып қалды. Бізде ауылда ылғи пенсиянерлер тұрамыз, жас балалар бар, біраз үй бар. Енді бізге сол дайын тұрған медпунктімізді ашып, бір дәрігер берсе, халықтың сұрауы сол.  

Ел тілегі ескеріліп алдағы екі жылда Қарағанды облысында жаңадан 92 медициналық нысан салынатын болды. Оның ең көбі, яғни 20-сы Қарқаралы ауданында бой көтереді.   

Алма Канафина, облыстық Денсаулық сақтау басқармасының бас терапевті:

- Қарқаралы ауданында 3 дәрігерлік амбулатория, 6 фельдшерлік-акушерлік пункт, 11 медициналық пункт салынайын деп отыр. Оның барлығы жаңа жабдықпен қамтамасыз етіледі. Салынатын объектілердің барлығы 2 жылда біту керек. 2023 жылы басталады да халықты толығымен қамтамассыз ету мәселесі шешіледі.

Жаңадан ашылатын медициналық мекемелерге жас мамандарды тарту үшін баспанамен қамту, бір реттік жәрдемақы беру мәселелері қарастырылған. Бұдан тыс ауылдық жерге барған дәрігерлердің жалақысы 25 процентке жоғары болады.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар