Елордада Рим Папасының Қасиетті мессасы өтті

Бүгін елордада Рим Папасының Қасиетті мессасы өтті. Рәсімге ел ішінен және 10-нан аса шет мемлекеттен мыңдаған адам жиналды. 

Рим Папасы Францискті елорда төріндегі мессаға жиналған қалың қауым ыстық ықыласпен қарсы алды. Ду қол шапалақтың арасынан әр жерден «Қош келдіңіз!» деген лебіздер де естіліп жатты. Ал Рим-католик шіркеуінің басшысы дәстүр бойынша автокөлігіне жайғасып, ілесе ерген қарауылмен бірге көпшіліктің ортасынан салтанатты түрде жүріп өтті. Бұл – Рим папасы Францисктің Қазақстанға алғашқы мемлекеттік сапары. Дәл осы сапар аясында әлем католиктері қасиет тұтатын басты діни жоралғы ұйымдастырылды.БЛИЦ

Мессаға қатысушы:

- Бәрі жоғары деңгейде өтіп жатыр. Біз бұндай дайындық болады деп ойламаған едік. Бәрі ыңғайлы, еш кедергісіз тиісті орнымызға жеттік. Бұл өмірде бір рет болатын оқиға, сондықтан бүгін  мен үшін өте маңызды күн.  Біз Балқаштан келдік, халықтың көп жиналғанын өздеріңіз көріп тұрсыздар.

Мессаға қатысушы:

- Мен мұндай елеулі оқиғаны қалт жібергім келмеді. Мессаға қатысу үшін Қазақстанға арнайы келдім. Бүгін кешке еліме ораламын. Басты мақсатым Рим Папасын көру.

Жиналған жұрт арасында Рим Папасының мессасына алғаш қатысқандармен қатар, Рим папасымен бірге жер-жерді аралап, діни дәстүрге бірнеше рет куә боп жүрген саяхатшылар да бар. Мәселен, Еуропаның көптеген мемлекеті мен көрші елдерден арнайы келген меймандардың қарасы басым. Барлығының ниеті бір – қасиетті құндылықтарға ден қойып, рухани көсемге айналған Рим Папасының разылығына бөлену.

Әдетте Рим Папасының мессасы белгілі тәртіппен орындалады. Діни әндер айтылып, дұға оқылады, одан өзге де арнайы рәсімдер қамтылады. Осының бәрі екі сағатқа жалғасады. Елордадағы мессаға жиналған түрлі ұлт өкілі кештен рухани азық алып, осындай мүмкіндік туғаны үшін елімізге алғысын жаудырды. Ал шараның басты мейманы- Рим Папасы Франциск қазақ жеріне бақ пен береке тілеп, ақ ниетін жеткізді. 

Рухани Асқар