Орманшының жағдайы оңала ма – ШҚО

Қызыл жалынға оранған қыркүйек.Бірінен соң бірі тұтанған өрт Күршім, Глубокое, Алтай және Қатонқарағай аудандарын әбігерге салды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жүздеген адам ондаған, техника, бірнеше ұшақ жұмылдырылды. Аптап ыстық, екпінді жел отты одан сайын өршітті. Ақыры жалпы алғанда 6 мың гектар алқапты жалын шарпыды. Соның ішінде ең үлкен аумақ Қатонқарағайда еді. Мына бір топ орманшының тау арасында жүргеніне біраз күн болды. Мызғып алып, енді тағы да тікұшақ күтіп отыр, өрт ортасына қайта аттанбақ.Төлеген Шерияздановтың отбасын көрмегеніне бірнеше күн өтті. Бірақ орманшыны қинаған бұл емес, жылдар бойы қорғап жүрген жасыл желегінің жалынға оранғаны.Енді қайта көгалдандыру үшін біраз жыл керек.

Төлеген Шериязданов, орманшы:

– Бүршік теріп, оны тұқым қылып сеуіп, оны орман қып саламыз, сол еңбегіміз енді, міне, еңбегіміз, міне, жанып кетті, іш ашымағанда қалай ашымайды. Қалыпқа келтіру үшін неше жыл керек оған.

Мұңғылбек Жұмахметұлы 15 жыл бойы орман баптаушысы болып қызмет етеді. Айлығы шайлығына әрең жетеді.Сонда да сүйікті ісін тастағысы жоқ.Ормансыз күнін елестете де алмайды.

Мұңғылбек Жұмахметұлы, орман баптаушысы:

– Жоқ елестете алмаймыз біз, орман негізінен біздің бір ұямыз болып қалған. Айлап, жылдап десек өтірік болар,  10-15 күн  орманда жұмыс істеймін. Әзіргі еңбекақым 72 мың теңге.

Еңбекақыға жарымай жүрген орман қорғаушыларында техника тапшылығы да бар. Мәселен, осындағы аумаққа бекітілген 80-нен астам орманшының осындай алапат өрт кезінде өте аз екені де белгілі болды. Тау шатқалы көп аймақты бақылауға дрон жоқ. Жол талғамайтын көлік те көрмедік.

Архат Ахмеров, участок инженері:

– Таулы аймаққа жеткізетін көліктер, үлкен көліктер Вахтовка дейді, қиын жерлерде жүре алатын, жол талғамайтын көліктер болса, тіпті жақсы болар еді.

Салалық басқарма бәрін біліп отыр.Техниканы жаңарту үшін биыл облыстық бюджеттен 600 милллион теңгеге өтінім білдірді. Жалақы мәселесін тиісті министрлікке жеткізіпті.

Мұрат Құсайынов, ШҚО табиғи ресурстар басқармасының басшысы:

– Қанша бізге қаражат керек, жалақыны, осындай есептерді өзіміздің министрлікке бердік, біздің министрлік әрі қарай қаржы министрлігіне береді, сол салада жұмыс жүріп жатыр, қанша пайызға көтереді деп мен оны айта алмаймын.

Айтпақшы, жалақысы аз жұмысқа жастар да жоламай жатыр. Қазір облыста 1,5 мың орманшы бар.Әлі кем дегенде 750 маман қажет.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов