Отбасы күніне орай алтын той иелеріне құрмет көрсетілді – Қызылорда облысы

Қызылорда облысының әкімі алтын той иелерімен кездесті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Құрмет төріне шақырылғандар қатарында еңбекпен өнген қарапайым жұмысшы, құрылысшы, дихан, сауыншы, миханизатор әулеттері бар. Олардың өмір жолы өнегеге толы. Қызылорда облысында соңғы 3 жылда бала туу көрсеткіші 16 процентке артқан. Өңірде 141 мыңдай отбасы болса, оның 48 мыңнан астамы көп балалы шаңырақ. 17 мың ана алтын, күміс алқаның иегері. Олардың арасында өнегелі өмір жолымен көпке үлгі бола білген, өңірдің өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосқан жандар да аз емес. Солардың бірқатарын мерекеге орай аймақ басшысы қабылдап, жүрекжарды лебізін арнады.

Нұрлыбек Нәлібаев, облыс әкімі:

– Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы осы жылғы жолдауында отбасын қорғау және бала тәрбиесін қалыптастыруға ерекше мән берді. Мұндай қолдау әр қазақстандықтың өз болашағына деген сенімін нығайта түседі.

Мерекелік кездесуде облыс әкімі өңірде жүзеге асып жатқан әлеуметтік маңызы бар ірі жобаларды атап өтті. Бүгінде облыс орталығынан өнер орталығы, неке сарайы мен қан орталығы салынып жатыр. Сондай-ақ демеушілердің қолдауымен «Аналар үйі» бой көтеруде. Ұрпақ тәрбиесімен қатар ел игілігі жолында елеулі еңбек еткен өнегелі отбасылар қоғам дамуына қатысты ой-пікірлерімен де бөлісті.

Жарылқасын Қадыров, Қазалы ауданының тұрғыны:

– 22 жасымда ферма басқардым, колхоздың орынбасары болдым, кейін тоқырауға байланысты мал шаруашылығы тарап, сонан кейін Қазалы қаласына келіп, әскери есеп столының бастығы болдым.

Разия Аппазова, Жалағаш ауданының тұрғыны:

– 30 жыл сиыр саудым. 6 бала тәрбиеледім.21 немере көрдім, 8 шөбере көрдім.

Шара соңында алтын той иелеріне өнерпаздар жырдан шашу жасап, алтын құрсақты аналарға сый-құрмет көрсетілді.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин