Елімізде сапасыз құрылысқа кім жауапты?

Елімізде құрылыс сапасына мемлекеттік бақылауды күшейту керек, деп қабылдайды «Хабар 24».

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің өкілдері осылай дейді. Қазақстандықтар сапасыз құрылысқа жиі шағымданатын болған. Бюджеттен миллиардтаған қаражат бөлінетін «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша үйлердің де сапасы сын көтермейді.

Гүлнәз Әбілдина: ««Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы жаңа баспананың кілтін алғанда бақыттан төбем көкке жете жаздап еді», – дейді. Бірақ пәтердің ішін аралаған сәтте-ақ қуанышы лезде сейілгенін қынжыла жеткізді. Себебі терезелерінің жан-жағы жарық. Жаңбыр жауса, іші суға толады. Пәтерге қоныстанбай жатып қайта жөндеу қажет деп налиды

Гүлнәз Әбілдина, қала тұрғыны:

- Мен 12 жыл әкімдікте толық емес отбасы санаты бойынша кезекте тұрдым. Әупірімдеп жүріп алған 28 шаршы метр болса да, баспаналы болғаныма қуандым. Бірақ үйдің сапасын көріп тұрсыздар. Құрылыс жұмыстары дұрыс жасалмаған. Мен түсінбеймін, жауапты мекемелер неге тексермейді?

Көпқабатты тұрғын үйдің сыртқы қасбеті келіскенімен, ішкі жұмыстары атүсті жасалған. Нысанның сапасы сын көтермейді деп жауапты мердігерді сөзге тарттық. Ол олқылықтың орнын толтырып,ғимаратты жөндеп беруге уәде берді.

Асылбек Есірке, мердігер компания өкілі:

- Бұл үйді біз жоба бойынша салып шықтық. Үйді бітіргенімізге 8-9 ай уақыт өтті. Қыс болды, жылу болмады. Жылу кеш болды. Егер тұрғындар шағымданса, бізде уақыт, бригада, материалымыз бар. Толық қадағалап, 3-4 күнде жөндеп береміз. Нақты уақыты жұманың соңына дейін бітіріп береміз.

Жасыратыны жоқ, сапасы сын көтермейтін құрылыс нысандары баршылық. Жауапты министрлік: «Заңды күшейтіп, бақылауды арттыру маңызды», – дейді. Құрылыстың басында әкімдік өкілдері жүру керек. Себебі кез келген қалада бой көтеретін нысанға жауапты, жергілікті атқарушы органдар.

Серік Нәбиев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің құрылыс істері жөніндегі бас сарапшысы:

-  Иә, мұндай проблема бар. Бізде бақылаудың әлсіз жүргізілетінін мойындауымыз керек. Салынып жатқан үйлердің сапасын қадағалау жергілікті атқарушы органдардың құзыретінде. Министрлік тарапынан мемлекеттік бақылау жүйесі толығымен қайта қаралады деп жоспарланып отыр. Сондай-ақ болашақта құрылыс кемшіліктері, ақаулары бар нысандарды пайдалануға бермейтін қатаң заң қабылданады.

Сонымен жауапты ведомство өкілдері: «Тұрғын үйден қандайда бір мәселе шықса, мердігер компания түзетуі тиіс», – деді. Кем-кетікке кеткен шығын солардың есебінен жүретінен де ескертті.

Авторлары: Гүлзия Нақыпқызы, Ырыстанбек Оспанов