Қарағанды мен Қарқаралы күре жолы қашан қалыпқа келеді?

Қарағанды мен Қарқаралы қаласының арасын жалғап жатқан республикалық маңызы бар күре жолдың әбден тозып кеткенін арнамыздан бірнеше мәрте айтып, жолаушылардың жанайқайын жоғарыға жеткізген болатынбыз, деп хабарлайды «Хабар 24».

Биыл әйтеуір сең қозғалды. Жыр болған жол қазір жөнделіп жатыр. Әзірге 10 шақырымына асфальт төселген.

Қарағанды-Аягөз-Бұғаз тас жолы осыдан тура 60 жыл бұрын салынған. Содан бері Қарағанды облысына тиесілі 303 шақырымы бірде-бір рет күрделі жөнделмепті. Әсіресе, Қарқаралы мен Матақ ауылының арасы шұрық-тесікке айналып, жол апаты жиілеген. Биыл әйтеуір орташа жөндеу жұмыстары басталды.

Мердігер компания өкілдерінің айтуынша, жолдың ені 8 метрге дейін кеңейеді. Ал асфальттың қалыңдығы 6 сантиметр болады. Жаңа технология бойынша салынып жатыр.

Самат Сламбеков, учаске басшысы:

- Ескі тұрған асфальттың үстіне 20-40 пен 5-20 деген фракция деген инерттік материал төгіледі. Сосын 13 келі зала қосылады. Одан кейін 7 келі цемент қосылады. Сол материал автогрейдермен жайылады да, суық ресайклинг, ескі асфальтты 10-20 см қопарып, инертті материалмен араластырып, негізін қалайды. 

Биылғы жылы жолдың тек 10 шақырымы жөнделеді. Ол үшін қазынадан 602 млн теңге қаржы бөлінген. Қалған бөлігі келесі жылдың еншісінде.

Әділжан Арғынов, Қарқаралы ауданы әкімінің орынбасары:

- Енді келесі жылы тағы 74 шақырым жолды орташа жөндеуге, бұл – Матақ ауылының маңайына дейінгі жер, шамамен 5 млрд теңге қаражатты қажет етеді. Әзірге бекітілмеді, бірақ облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес жұмыстар, тиісті құжаттар дайындалуда.

Жергілікті билік жол қатынасын жеңілдету үшін әзірге осылай амалдап отыр. Ал 2025 жылдан бастап Қарағанды-Қарқаралы бағытындағы бұл жол күрделі жөнделеді. Қазір жобалау-сметалық құжаттары әзірленіп жатыр.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар