Д. Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналы толықтай автоматтандырылады

Алматы облысындағы ірі инфрақұрылымдық нысан – Дінмұхаммед Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналы толықтай автоматтандырылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ауқымды жобаны алдағы төрт жылда іске асыру үшін 36 млрд теңге қаржы керек. Ал қаражат мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бағдарламасы бойынша бөлінеді.  Бұл жөнінде Үлкен Алматы каналы директорының міндетін атқарушы Мейрам Арыстанов айтты.

Ирригациялық су арнасы 1985 жылы іске қосылғанымен осы күнге дейін   күрделі жөндеу көрмеген. Канал арқылы Алматы облысындағы жүздеген шаруа қожалығы егістік алқаптарын суғарады. Қазір жиын-терін науқаны қызып тұр. Ал өнімді мол алу үшін ең алдымен су қажет. Мына шаруашылықтағы 150 гектар бақта алманың бірнеше түрі өседі. Биыл әр гектардан 40 тонна өнім жинаймыз деп жоспарлап отыр. Жаз жайлы, ауа райы да қолайлы болды. Бақта тамшылап суару әдісі қолданылады.

Жанболат Ахметов, шаруа қожалығының агрономы:

- Берген суды біз үнеммен жұмасуымыз керек. Тамшылатып суғару өте тиімді әрі пайдалы. Көктемде әр түпке 1 литрден беріп тұрсақ, жазда, яғни күн ыстық кездерде күніне 2 литрден беріп отырамыз.

Дегенмен соңғы екі жылда өңірде  қуаңшылық болды. Үлкен Алматы арнасы «Бартоғай» су қоймасынан бастау алады. Былтыр су тапшы болғандықтан фермерлерге тіршілік нәрі қажетті көлемде жетпей, егістік алқаптар уақытылы суарылмай қалған. Соның салдарынан өнім де ойдағыдай шықпады. Жалпы  ұзындығы 170 шақырымдық каналдың 180 мың гектар жерді суғаратын мүмкіндігі бар. Алайда  қазіргі уақытта канал арқылы тек 80 мың гектар жер ғана суғарылады. Биыл ауыл шаруашылық дақылдарын өсірушілермен суды тиімді тұтыну бағдарламасы әзірленіпті. Дегенмен ауыспалы егістік әдісі сақталмайды. Суды ысырап қылу әдеті әлі де бар.

Мейрам Арыстанов, Д. Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналы филиалы директорының м.а.: 

- Бізде республикалық меншікте тек қана мынау магистраль. Каналдан бөлінетін ішкіаралық жүйелер бар. Ол қазір біздің баланста емес. Ол жергілікті атқарушы органдарда, одан кейін кейбір жерлерде иесіз қалғандар да бар. Сол жерде судың шығыны көп. 50% дейін суды жоғалтып жатырмыз.

Каналдың 4 шақырымында апатты бөліктер бар. Сондықтан жаңартуды талап етеді. Қазіргі кезде күрделі жөндеу жасап автоматтандыру үшін  жобалық-сметалық құжаттама дайындалып жатыр. Егер тиісті қаражат бөлінсе,  су бөгетін бекіту, гидротехникалық құрылғыны жөндеу,  автоматикалық басқару және су өлшеу пункттері жасалады.

Авторлары: А. Садуақас, Радик Жақыпов