Елордада әлеуметтік желіге ең креативті бейнематериал түсірген сарбаздар марапатталды

ТикТок түсіріп, отбасыңмен қауышуға жолдама ал! Елордада әлеуметтік желіге ең креативті бейнематериал түсірген сарбаздар марапатталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оларға ақшалай сыйақылар берілді, бұдан бөлек жеңімпаз 10 күнге үйіне барып, отбасымен қауышуға мүмкіндік алды. Жалпы салтанатты жиын танкистер күніне орай ұйымдастырылды. Құрлық әскерінің негізгі күші саналатын сарбаздардың кәсіби мерекесіне орай патриоттық әндер шырқалып, сала ардагерлері алғыс төрінен көрінді. Сондай-ақ шарада халықаралық армия ойындарының жеңімпаздары марапатталды. Бұл сайыста Қазақстан қарулы күштері 34 байқаудың жетеуіне қатысып, төрт алтын және бір күміс жүлде олжалады. Жалпы есепте 38 елдің ішінде үшінші орынға тұрақтады. Әдеттегідей бәсекеде танкішілердің бәсі жоғары болды. Тиісінше, үздік нәтиже көрсеткен әскери қызметшілерге «Ел қорғаны» медальдары табысталып, мерзімінен бұрын әскери атақтар берілді.

Руслан Жангулин, ҚР Қоғаныс министрлігінің басқарма басшысы:

- Үздік роликке байқау жариялаған болатынбыз. Соның да қортындысы бүгін шықты. Роликтердің авторлары мерзімді қызметтегі сарбаздар. Бірінші орынға 200 мың, екінші орын 150 мың және үшінші орынға 100 мың теңге сыйақы берді. Министр өзі табыс етті. Бірінші орынға қосымша 10 тәулік туған жеріне демалыс берді.

Нұрболат Әділбай, сарбаз:

- Мен Қорғаныс күштерінің ТикТок сайты бар екенін білгем. Сол видеоларды қарап, қатты қызықтым. Өзіміздің де түсіргіміз келіп кетті. Осы идеяны ұсынғаннан кейін басшылығымыз қолдап, видео түсірдік. Өзімнің және жанымдағы сарбаздардың әскерге дейін өмірін, әскердегі қызмет жасап жүргенін және еліне оралған картинаны көрсеткіміз келді.