Қарағандыда бюджет жымқырғандар ұсталды

Қарағанды облысында бюджет қаражатын жымқырудың қылмыстық схемасы анықталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қаржылық мониторинг агенттігінің облыстық департаменті мүмкіндігі шектеулі жандарды санаториялық курорттық емдеуге және сауықтыруға бөлінген бюджет қаражатын қалтасына басқандарды ұстады. Операция «Қамқор» жедел-алдын алу шарасы барысында жүргізілді. Тергеу барысында тапсырыс беруші мен жауапкершілігі шектеулі серіктестік арасында наурыз айынан желтоқсанға дейін мүгедектердің емдік демалысын қамтамасыз ету бойынша 50 млн теңгеге жуық сомаға мемлекеттік сатып алу туралы келісімшарт жасалғаны әшкереленді.

Әлібек Әбділов, ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі:

- Тапсырыс берушінің сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің ішкі талдауын тексеру актісімен мүгедектердің шипажайға барудың жалған фактілері анықталған. ЖШС-ға 1,5 млн теңгеге жуық қаражат негізсіз төленген. Тергеу жалғасуда. ҚР ҚПК 201-бабына сәйкес тергеу мүддесіндегі өзге де мәліметтер жария етілуге жатпайды.