12 мың га жер мемлекет меншігіне қайтарылды

12 мың га жер мемлекет меншігіне қайтарылды

Үшарал ауылдық округінде 13 мың гектар жер иесіз бос жатқан еді. Биыл аталған аумақ құжаттандырылып, ауыл тұрғындарының жайылымы етіп бекітілді.  

Әбутәліп Айтбайұлы, Үшарал ауылының тұрғыны:

-Қайтарлыған жерлер ауыл көлемінде біздер үшін жақсы жағынан келеді. Өйткені ауылда малсыз ешкім отырмайды. Бірлі жарым малы бар. Көбейіп жатқан жағдайда, анандай жер бізге қосылып жатса біз қуанамыз.

Панфилов ауданындағы Басқұншы, Шолақай, Қоңырөлең, Айдарлы, Пенжім ауылдарында жер мәселесі аса өзекті болатын. Тұрғындар өрісіміз тар деп шағымданған соң прокурорлар шаруашылықтардағы төрт-түлікті идентификациялау жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде қожалықтардағы мал басы жер көлеміне сәйкес келмейтіні анықталған. Түсіндіру жұмыстарынан соң шаруалар жайылымының бір бөлігін мемлекетке ерікті түрде өткізіп берді.

Бауыржан Тойбаев, Панфилов ауданының прокуроры:

-Аудан прокуратурасымен атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 150 мың гектар жер пайдаланылмай жатқан жайылым анықталып, оның 100 мыңнан астамы қайта игеріліп, жер пайдаланушымен пайдаланылып жатыр. 12 мың гектары мемлекетке қайтарылып, аудандық әкімдікпен резервке қойылып, қазіргі кезде ауыл тұрғындары өздерінің малдарын жаюда.

Қазір прокурорлар 38 мың га жайылымға қатысты мониторинг жүргізіп жатыр. Ал, аудандық әкімдіктегілер қайтарылған жерлердің аумағын бекітіп, мемлекеттік актісін жасатуды қолға алды. Әрі ауылда бағуға рұқсат етілетін мал санын анықтауға кіріскен.

Болатбек Дүйсенов, аудандық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімі басшысының орынбасары:

-Заңнамада әр аулада қанша мал ұстайтыны туралы нормативтің жоқтығы. Қазіргі уақытта ауылдық округтерге хаттар жолданды. Олар өздерінің қауымдастықтары мен әр аулада неше мал қанша қой, ешкі, сиыр ұстау туралы шешім шығарады. Оны қаулыларын аудандық әкімдікке жолдайды. 14 округ бойынша орта есебін шығарып біз мәслихатпен бекітеміз.

Соңғы үш жылда аудан аумағындағы 23 мың га жер жекешеден мемлекет меншігіне алынды. Оның тең жартысы инвестициялық жобалардың жүзеге аспауына байланысты қайтарылып, ауыл тұрғындарының пайдалануына берілді. 

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев