Қарағанды облысының Қарқаралы қаласына су тарту жұмыстары басталды

Құрылыс 2023 жылы түгел аяқталуға тиіс. Сол кезде елді мекенге тәулігіне 4 мың текше метр су беруге мүмкіндік болады.

Бұл тұрғындарды қысы-жазы тіршілік нәрімен қамтамасыз етуге жеткілікті. Жоба бойынша 3 сорғы станциясы, сыйымдылығы 2 мың текше метр болатын 3 бірдей су қоймасы салынып, 38 шақырым құбыр тартылуы керек. Бұл мақсатқа шамамен 2 миллиард 400 миллион теңге қажет. Ал қазір Қарқаралыда ауызсу тапшы. Орталық су торабы 9 мың тұрғыны бар шаһарды толық қамтамасыз ете алмай отыр. Себебі жерасты суының қоры тым аз. Бұл өзекті мәселені арнамыздан бірнеше мәрте айтқан болатынбыз. Биыл сең қозғалды.

Талғат Омаров, Қарқаралы аудандық Құрылыс бөлімінің басшысы:

- 38 шақырым су құбырының 19 шақырымы қазылып, 12 шақырымына пластикалық трубалар орнатылды. Биылғы жоспар бойынша біз 38 шақырымның бәріне трубаларды орнатамыз. Қалған сомаларды бюджет тарапынан берілген жағдайда келесі жылы тапсыруға жоспарлап отырмыз. Бүгінгі күні жұмыс кестеге сай жүргізілуде.