loader


Маңғыстау облысында ұлттық дәстүр дәріптелді

Ақтаудағы Достық үйі ғимаратының алды этноауылға айналды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл жерде алыстан көз тартатын ақшаңқан алты қанат киіз үйлер құрылып, іші байырғы жәдігерлермен безендірілді. Сондай-ақ ұлттық ойындардан жарыс өтіп жатыр.

Шарада әуезді ән де айтылып, күмбірлеген күй тартылды. Сондай-ақ қолөнер шеберлерінің қолынан шыққан туындылар көпшілікке ұсынылды. Көрмеде ұлттық киімдерден бастап, ағаштан, темірден, теріден, күмістен жасалған, көздің жауын алар түрлі  бұйымдар бар. Соның бірі көпбаланы ана Айымгүл Канашова қазақы нақышта дайындалған сөмкелерін әкелген.

Айымгүл Канашова, шебер:

– Бұрын біртүсті басқа өнерден тігетін едім. Осы жылдан бастап принтпен тігіп жүрмін. Көбіне экокожаны пайдаланып жатырмын. Арнайы принтті заказбен алдырамын.

Шараға тұрғындардан бөлек, шет елден делегация келді. Олар қолөнершілердің бұйымдарын тек өңірде емес, шет елдерге экспорттауға бағыт-бағдар беру мақсатында шақыртылған.

Митсуо Мураяма, арнайы делегация мүшесі /Жапония/:

– Бүгінгі қазақтардың өнерін көріп таңғалып жатырмыз. Ерекше бұйымдардың куәсі болып, әрқайсының жасалу техникасын көрдік. Бізбен бірге бірнеше сарапшы мамандар келді. Қолөнершілер бұдан да жақсы дүниелерді жасап шығарғысы келсе, біз өз көмегімізді көрсетуге дайынбыз.

Шара соңы ресми жиынмен жалғасты. Қолөнершілер баяндама оқып, саланы дамыту бойынша жоспарларын талқылады.

Авторлары: Әйгерім Ашықбаева, Ренат Дүйсалиев

 

Сондай-ақ...