«Ұлы дала жорығы» бәйгесі басталды

«AMANAT» партиясының қолдауымен «Ұлы дала жорығы» республикалық марафон-бәйге басталды. Бәйгеге 100-ден астам шабандоз қатысады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Партия төрағасы Ерлан Қошанов салтанатты рәсімде «Біз Әділетті Қазақстанға бастайтын жолдың, бастауында тұрмыз. Бүгінгі жорықтың осындай тарихи кезеңмен, тұспа-тұс келуінің үлкен символдық мәні зор» деді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, әлемдік тәжірибеде теңдесі жоқ бұл марафон шабандоз мәдениетін Қазақстан бренді ретінде қалыптастыруға негіз болады. 18-29 қыркүйек аралығында марафоншылар елордадан Түркістан қаласына дейін 1200 шақырымнан аса қашықтықты басып өтеді. Бәйгеге қатысушыларға Жошы хан, Алаша хан кесенелері, сондай-ақ Қазақ хандығының алғашқы астанасы Созақ пен түркі руханиятының бесігі, Түркістан қаласы сияқты тарихи орындарға зиярат жасауға, мүмкіндік туады. Түркістан шаһарына дейін, ең қысқа уақыт ішінде жеткен команда мүшелері бас жүлде – «Ұлы дала сарбазы» атағы мен 30 000 000 теңге көлеміндегі жүлдемен марапатталады. Іс-шараның ашылу салтанатында Ерлан Қошанов, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау сөзін оқып берді.

Ерлан Қошанов, AMANAT партиясының төрағасы:

– Ұлттық спортты дамытуға және дәстүрлерімізді дәріптеуге арналған аламан жарыс елімізде тұңғыш рет өткізіліп отыр. Адамзат тарихында жылқы ең алғаш қазақ даласында қолға үйретілгені белгілі. Бұл – әлемдік өркениетке теңдессіз бетбұрыс әкелген жаңалық саналады. Біздің балаларымыз Ұлы дала шежіресін тұлпардың тұяғымен жазған. Бүгінгі ұрпақ сол көшпенділер мәдениетінің заңды мұрагері. Біз қазіргі заманның жақсы қасиеттерін бойға сіңіре отырып, ұлттық болмысымызды жаңғыртуға тиіспіз. Бүгінгі бәйгенің басты мақсаты осы.