Елордада жәрмеңке өтіп жатыр

Елордада ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтіп жатыр. Бұл жолы ауыл өнімдерін Жетісу мен Алматы облыстары ұсынды. Дәстүрлі шараға 500 тоннаға жуық тауар жеткізіліп төмен бағамен саудаға шығарылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жәрмеңкеге Алматы облысынан 230, ал Жетісу өңірінен 227 тонна өнім жетті. Бұл Жетісу облыс болғалы жәрмеңкеге алғаш болып ат салысуы. Дәстүрлі шараға ә дегенде 30 жүк көлігін толтырып тауар әкелген. Жұрт қазір арзан азық-түліктен молынан алып қалуға тырысып жатыр. Әсіресе ет пен қантқа сұраныс көп.

Олжабай Жүнісов, қала тұрғыны:

Жылқының бір саны мен бір жақ қазысын алдық. 61 келі болды ғой деймін. Баға қандай екен? Баға көп арзан мұнда. 2700-ден алдым.

Гүлзада Ахметжанова, қала тұрғыны:

– Үйдің жанындағы дүкендерде 780, 800-ге дейін барады. Мына жерде қанша екен? Мұнда 450 теңге бір келісі. Мешокта 25 келі. 

84 тонна көкөніс, 62 тонна жеміс-жидек, 8 тонна балық сондай-ақ бұдан өзге 189 тонна өнім саудаға шығарылды. Жәрмеңке қала халқын азық-түлікпен қамтамасыз етіп, бағаны тұрақтандыруға бағытталған. Оған елдің барлық облыстары кезекпен тартылады. Шара қараша айына дейін жалғасады.

Бахтияр Шампиков, Жетісу облысы ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

– Жәрмеңкеге жетісу облысының 8 ауданы мен екі қала қатысып отыр. Жалпы өнімнің 54 түрін алып келдік. Нарық бағасынан 15-20 кейбір жерде 50 пайызға дейін төмен болып тұр. Өздеріңіздің алдарыңызда Көксу қант зауытының өнімін алып келдік.

Жәрмеңке екі күн бойы өтеді. Астана аренаның маңында кішігірім мереке. Қос аймақ базарлықтан бөлек концерттік бағдарламасын да ұсынып отыр. 

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Асхат Қарақойшиев