Атырауда азық-түлік бағасы түсер емес

Әсіресе, әлеуметтік маңызы бар тағам түрлері қымбат. Осыған орай «Атырау» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы жергілікті сауда желілеріне және көкөніс өнімдерін өндірушілерге қарыз беруді бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қарыз алған кәсіпкерлер екі жыл бойы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақты ұстауды міндетіне алады. Облыс бойынша азық-түлікті жеткізуге міндеттенген 4 компания бар. Олардың өнімдері 4 базар мен 38 сауда нүктелерінде сатылып жатыр. Азық-түлік бағасын тұрақтандыру үшін әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы делдал компанияларға 1 млрд 414 млн теңге қайтырымды қарыз ретінде берілді.

Гүлмира Меңдәлиева, «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының бас менеджері:

- Келісім аясында қарыз алған кәсіпкерлер әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасын 2 жыл бойы тұрақты ұстап отыруға міндетті. Қазір тұрақтандыру қоры арқылы 18 түрлі азық-түлік базар нарқынан төмен бағада сатылып жатыр.