Қызылорда түрмесінде сотталғандар оқу мен еңбекке ынталанып жатыр

Түрмеде де жұмыс табылады. Сотталғандар жаңа кәсіп үйренеді. Бір есептен текке отырмай табыс табады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қызылордадағы №60 мекемедегі 900-ден астам сотталушының жартысынан астамы өндіріс аймағында еңбек етіп жүр екен. Саусағын қимылдатпайтын жатып ішерлерге түрме ішінде де құрмет жоқ. Сондықтан бостандықта жаңылыс басқандар абақтыға қамалысымен кәсіптік даярлау оқуына жазылуға ұмтылады. Жаңа оқу жылында 144 жазасын өтеушіге техникалық колледж мұғалімдері 6 мамандық бойынша дәріс беріп жатыр. 10 ай оқып, оған қоса шәкіртақы алатын сотталғандардың жұмысы да дайын тұр. 

Жазасын өтеуші:

Өмірде мамандығым болған жоқ. Осы жерге келіп, мекеме басшылары ұсынып, ағаш ұстасы білімін алып жатырмын. Мұғалімдерден үйреніп, болашақта шыққасын ағаш ұстасы болып бала-шағамды асырауға ниет бар. Әзірге теория лекция жазып, түсіндіріп жатыр. Оқығысы келіп жатқандар көп, қазір бірақ толық. 

Жалпы түзеу мекемесінде 12 кәсіпкерлік құрылым өндіріспен айналысып жатыр. Негізінде түрме аумағында өндірістік нысан ашу бизнес үшін тиімді. Өйткені мұнда ғимараттар қатаң күзетіледі және арзан жұмыс күші жеткілікті. Қазіргі таңда жазасын өтеушілердің 70%-ке жуығы екі қолға бір күрек тапқан.

Мақсұт Өтетілеуов, ҚАЖД №60 ММ бастығы:

– Кәсіпкерлерді көбейтіп, жұмыспен қамтуды 100%-ке жеткізу жоспарланған жыл аяғына дейін. Темір дәнекерлеу, ағаш ұстасы, наубайхана, түрлі-түсті кірпіш құю жұмыстары бойынша жалақыларынан туыстарына, жанұясына және мемлекет пайдасына өндірілетін қаражатты осы табыс көзімен атқару парақтары бойынша өндіріліп отыр. 

№60 түзеу мекемесіндегі жазасын өтеушілерден жыл басынан бері мемлекет пайдасына 7 миллион теңгедей өндірілді. Сондай-ақ сотталғандардың өз қолымен істеген түрлі бұйымдары балалар үйіне ұдайы жіберіліп тұрады.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Бәйділдаев