«Ұлы дала жорығы». Аламан бәйге Астанадан басталды

Қазақ даласында бұрын-соңды болмаған, бәлки болған, анығы кейінгі ғасырда ел көрмеген аламан бәйге өтіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұған дейін Шығыста қазанаттар 120 шақырымға шапқан еді. Ал мына дода 1200 шақырым. Көрген де арманда, көрмеген де арманда. Дәл қазір шабандоздар бәйгенің 50 шақырмын еңсеріп үлгерді. Алғаш ұйымдастырылып отырған дүбірлі доданың басын тілшілеріміз де көріп қайтқан еді. Аламан бәйге Астананың іргесіндегі Қаражар ауылынан басталды. Шабандоздар дәл осы жерден бастап 12 күн ішінде 1200 шақырымды жүріп өтуге тиіс. Жол ұзақ, қилы-қатпар кедергілер де көп. Сол үшін де қатысушылар сайысқа түрлі айла-тәсіл мен тактикалар дайындаған. Бірі ә дегеннен тізгінді жіберіп, шаба жөнелсе, енді бірі атты болдыртып алмауға тырысады. Бәйге аттары күніге 100 шақырымға шабады. 50 шақырымнан соң екі сағаттық үзіліс бар. Осы мезгілде арнайы мамандар шабандоздардың денсаулығы мен аттың бабын тексереді. Сәйгүлігін сайлап келгендердің қарасы қалың. Жасы да, жасамысы да осында. Тіпті ер жігіттермен үзеңгі теңестіріп жарыс жолына қыз бала да келген. Алматыдан келген Әлия есімді арудың басында атының бабы келіспей, жарыстан шығып қалған еді. Қайсар қыз басқа ат тауып қайта шапты. Алғашқы 50 шақырымды өзгелермен бірге еңсерді. 

Әлия Бекен, сайысқа қатысушы:

Осы марафонға қатысқым келді. Өзімнің күшімді, қайратымды тексергім келіп қатысып отырмын. Қиын емес, бірақ мына жер қажағаннан кейін, көрпеше болмағаннан кейін сәл ауыртпалық болды.

Екі сағаттық үзілісте шабандоздарды жергілікті жұрт та сән-салтанатымен қарсы алды. Киіз үй тігіліп, домбырадан күй, көмейден ән төгілді. Бұл – елдің ата-салтына, бәйгеге деген құрметі. Шабандоздар да мәре-сәре. Жарыс жолына шыққандардың ішінде ең үлкені – Қарағандыдан келген Нұрхан Рымқұлов 54 жаста. 

Нұрхан Рымқұлов, сайысқа қатысушы:

Жасқа қарамау керек. Адамның денсаулығы болса, әр қазақ атқа мінгені дұрыс қой. Бұл қанымызда бар зат. Иә, өзіміздің тактикамыз бар. Тұра шауып, қазір қайда барасың? Ұзақ жол. Бір атың 600 шақырымға шыдау керек. Ат шыдамайды оған. Тактикамен жүріп келе жатырмыз.

Бәйгенің бір мақсаты – қазанатты сынау. Ветеринарлар 50 шақырымнан кейін жүйріктің жайын бақылып, тексеріп кінәрәт байқаса жарыс жолынан шығарып тастайды. Талап қатаң.

Ғани Дүйшенов, ұйымдастырушы:

– Ветеринарлар мен судьялар атты тексеріп, адамдарды тексеріп, ережеге сәйкес екі сағатты жүректерін тексереді. Ветеринарлар бұған өте қатаң қарайды. Ең басты мақсат аттардың, адамдардың жағдайы. Ұлытау облысынан бір жылқы жарыс жолынан шығып қалды, одан бөлек, Павлодандан тағы бір жылқы шығып қалды. Өйткені аттың ақсауы бар, тағы басқалары бар. Жүрек соғысының минутына 60 секундтан түпеуіне байланысты.

 

Астанадан аттанған бәйге аттары Ақмола, Қарағанды, Ұлытау, Қызылорда, Түркістан облыстарын басып өтеді. Осы аралықта Жошы хан, Алаша хан кесенелері, сондай-ақ Қазақ хандығының алғашқы астанасы Созақ пен Түркі руханиятының бесігі, Түркістан қаласы сияқты тарихи орындарға зиярат жасайды. Бәйгеден келген, оза шапқандарға «Ұлы дала сарбазы» атағы мен 30 млн теңге сыйлық бар.