Жамбыл облысында бүтін бір ауыл түтінге тұншығып отыр

Тұрғындардың айтуынша, Қусақ ауылының маңына қоқыс полигоны салынған. Онда жиылған қалдықты өртейді. Ал одан шыққан түтін іргедегі ауылға жайылады. Жұрт осыған наразы, деп хабарлайды «Хабар 24».

Байзақ ауданының ауқымды әрі жалғыз қоқыс полигоны осы. Аудан билігі Батыс-Еуропа – Батыс Қытай автодәлізі бойындағы 13 гектар аумақты, қоқыс жиып өңдеу үшін 25 жылға кәсіпкерге жалға берген. Меншік иесі жазық далада шашылып жатқан қалдықты жиі өртейді. Зардабын 1,5 шақырым жерде орналасқан Қусақ аулының халқы тартып отыр.

Пернекүл Тұрлыбаева, Қусақ ауылының тұрғыны:

Балалардың барлығы қышыма ауру. Беттерінің бәрі жара, аллергиясы бар мына түтіннен. Күнде түтін. Біз айта-айта шаршадық. Түтін күнде келеді. Желді күні келсеңдер, демала алмайсың. Өзі бір-бірімізді таба алмай да қаламыз бұл ауылда.

Шырынкүл Ерденбекова, Қусақ ауылының тұрғыны:

Михаиловкада монша бар. Ол моншаның суын бір тасиды кеп тасиды. Ананы апарып өшірем дей ме, жоқ кірдің суы ма , әйтеуір бәрінің иісі мына жерде тұрады.

Мекеме басшысы бұқарамен бұрын да кездесіп, қоқысты өртемеуге уәде берген. Бірақ бір ай өтпей жағдай қайталанады. Ал полигон иесі тұрмыстық қатты қалдықтардың 30 пайызы ғана қайта өңдеу үшін алынатынын айтады. Қалған қоқыстағы өрттің кей кезде әйнек қалдықтарынан шығатынын мойындады.

Әбдісайт Момбаев, қоқыс полигонының басшысы:

Өздігінен өртенеді. Өйткені ол жерде барлық химиялық заттар бар шишалар бар. Күннің ыстықтығынан ол жаңағы шиша қызады да сәулесін беріп ол жанады. Халық ашуланады, әрине, ашуланатындай тек қана ол жаққа бармайды Сарыкемерге де анда-санда барады, арғы жағындағы Аймантөбеге де барады. Басқалай істейтін ешқандай мүмкіндігіміз жоқ.

Ал аудан басшылығы аталған мәселеге бей-жай қарап отырған жоқпыз дейді.

Талғат Жамалов, Байзақ ауданы әкімінің орынбасары:

– Құзырлы орган тарапынан айыппұл салынды 10 МРП көлемінде. Қазір ТЖБ-сын жібердік. Қазір тағы да зерделеу жүріп жатыр. Егер тағы да өрт шығу фактісі орын алатын болса, екінші рет тағы да айыппұлға ілінеді бұл кісілер. 

Аудан билігі алдағы уақытта елді мекендерден аулақ аймақтан жер қарастырып, полигонды көшіруді жоспарлап отыр. Ал тұрмыстық қалдық жиналатын аумаққа жылына 8 мың тонна қоқыс төгіледі. Бүгінде оның 70 пайызы жерге көму арқылы жойылады.

Авторлары: Мерей Бает Руслан Ахатіллә