Түркістанда алғаш рет жеке сот орындаушылар республикалық палатасының спартакиадасы өтіп жатыр

Финалдық ойынға аймақтық іріктеу сайысының жеңімпаздары қатысуда, деп хабарлайды «Хабар 24».

Еліміздің әр өңірінен келген үздік он команда бірнеше спорт түрінен сайысқа түсіп жатыр. Атап айтқанда, ақтық сында олар футбол, волейбол, үстел теннисі және шахматтан өнер көрсетуде. Қатысушылардың айтуынша, спорттық шараға барлық команда сақадай сай дайындалып келген. Дүбірлі додаға 140 жеке сот орныдаушы қатысып жатыр. Жарысты Түркістан облыстық жеке сот орындаушылар өңірлік палатасы ұйымдастырды. Айта кетейік, бұған дейін спартакиаданың ақтық сыны тек Астана қаласында өтіп келген болатын.

Гүлнұр Еркін, жарысқа қатысушы /Шымкент қаласы:

- Шымкенттен волейбол мен футбол бойынша келіп отырмыз. Бірінші жарыста жеңімпаз болып оралдық. Барлық өңірден келген қатысушыларға жеңіс тілейміз.

Мақсат Сауран, жеке сот орындаушылар палатасының ТО бойынша басшысы:

- Алғашқы рет Түркістан қаласында өткізіп отырмыз. Өйткені мұның тарихи маңызы, орны бар. Себебі Түркістан бүкіл түркі әлеміне рухани астана болып саналады. Сондықтан осы жерде жиналып, спартакиаданы өткізіп жатырмыз. Түркістанның туристік потенциалын сезіну үшін сот орындаушылар осында жиналды.