Медициналық пойыз Тобыл өңірінде

Бұл күнделікті әрі-бері өтетін жолаушылар, не жүк пойызы емес. Вагон емхана. Мұндағы төрт вагон медициналық құралдармен толық жабдықталған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тұрғындар әрқайсысында терапевт, кардиолог, стоматологтың қызметіне жүгіне алады. Ал зертханада флюорографиядан өтуге мүмкіндік бар.

Шағын емхана іспетті пойызды Тоғызақ тұрғындары таңғы алтыда қарсы алды. Дәмегүл Әбішева аудан орталығы Қарабалықтан келген. Денсаулығының сыр бергелі біраз болыпты. Қостанайдан шалғайда тұратын ол мамандарға қаралып, көңілі жайланды.        

Дәмегүл Әбішева, Қарабалық ауылының тұрғыны:

- Терапевтен өттім. Қан тапсырдым. Көзімді көрсеттім. Қостанайға жеке клиникаларға барып, көп ақша төлеп, бәрін өткізіп. Ал мұнда барлығы тегін. Қандай дәрігерге барғың келеді. Қандай дәрігер керек.

Дәрігерлер адамдарды тыңдап, түрлі аппаратпен тексеріп, емін жазып береді. Пойызда 24 маманның кеңесін алуға болады.

Әнуарбек Ғарифолла, рентгенолог:

- Көбінесе кездесетін хронический бронхит, оң жақ преврит. Нәтижесін бірден береміз. Қолына мен флюорография қағазын мөрін басып беремін. Сосын терапевтке жіберемін. Ол кісі әрі қарай кеңес береді. Мен осы жерде өкпесін снимокқа қатысты түсіндіріп беремін.

Күніне шамамен 200-дей адам толық тексерістен өтті. Әсіресе тіс дәрігерінің қызметіне жүгінгендер қатары қалың.   

Жанна Нурко, «Саламатты Қазақстан» пойызының әкімшісі:

- Коронавирус пандемиясының кесірінен пойыз екі жыл бойы елді аралаған жоқ. Жұмысы енді жанданды. Адамдардың бұл сәтті тағатсыздана күткенін байқауға болады. Себебі заманауи медициналық жабдықтардың жоқтығынан шалғайдағы ауыл тұрғындарына денсаулық күту оңай емес.

«Саламатты Қазақстан» пойызы 30 қыркүйекке дейін Қостанай облысында медициналық көмек көрсетіп, бес темір жол бекетінде аялдайды.  

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Сергей Трахтенберг