Қарағанды облысында ескі жол күрделі жөнделіп жатыр

Қарағандыдан Астанаға жеткізетін айналма жолға түсетіндер әбден титықтаған еді.  Бұл жол екі ауданның арасын да қосады, деп хабарлайды «Хабар 24».

2019 жылы шамадан тыс қиыршық тас тиеп,  заңсыз тасымалмен айналысқан екі  камаз  жолдың үстінде батып кеткен еді.  Ол туралы аймақтағы тілшілеріміз айтқан болатын.  

Қазір мұнда  күрделі жөндеу  қызу жүріп жатыр. Мердігер қар түскенше  екі аудан арасындағы қатынасты қалыпқа келтірмек. Осылайша Нұра ауданы тұрғындарының облыс орталығымен қатынасы жақсарады.  Бас-аяғы 84 шақырым күре жолдың 64-шақырымы өткен жылдары жөнделді. Қалған  20 шақырымы қайтадан салынып жатыр.  Онда су ағарлар мен мал өтетін орындар қарастырылған.  Жобаға 4 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген.

Сәбит Оспанов, облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:

- Биыл өздеріңіз көрген жолға 2 қабатты асфальт төселеді. Осылайша 20 шақырымға жуық жолды жолаушылар пайдасына береміз. Келер жылы жолға 3-ші қабат асфальт төселеді. Осылайша жолдың белгілері қойылып, барлық талапқа жауап беретіндей деңгейде пайдаға беріледі. Осылайша Осакаров пен Нұра ауданы арасындағы жолдың барлық проблемалары жабылатын болады.