Шымкентте 135 мың адамға тегін вакцина салынады

Шымкентте жедел респираторлы вирустық инфекция мен тұмауға қарсы вакцина егу басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Екпе 6 айдан 1 жас аралығындағы сәбилер мен балалар үйінің тәрбиеленушілеріне, дәрігерлер мен қарттарға, сондай-ақ диспансерлік тіркеуде тұрған науқастарға тегін салынады. Вирустық инфекцияның таралуына қарсы 135 мыңға жуық вакцина жеткізілді. Санитариялық мамандар жыл басынан бері 22 мыңнан астам адамның вирус жұқтырғанын айтады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,7 есеге көп. Олардың дені – 14 жасқа дейінгі бала.  Дәрігерлер екпеге бейжай қарамауға шақырып отыр. Өйткені ауа райына байланысты тұмау тез тарайды. 

Айгүл Тұрымбетова, қалалық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары: 

- Халықтың 12,6% жететіндей бүгінде емханаларға 134 мың 580 доза «Грипко» вакцинасы келді. Қазір адамдардың мұрны бітеліп, көздері суланып, тамақтары жыбырлап жүр. Мазасызданып, дене қызуы көтерілсе де жұмысқа, оқуға барады. Олай болмайды.