ШҚО шаруашылықтарында малшы жетіспейді

Мал өсірсең қой өсір, пайдасы оның көл көсір, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Бірақ шопаннан қадір кетті ме? Бүгін мал бағатын адам жоқ десе де болады. Әсіресе ешкім қой баққысы келмейді. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысының шарушылықтарында  малшы жетіспейді. Зайсан ауданында байыс қойын көбейтіп отырған Жеңісбек Кәрібаевтың айтуынша, ата кәсіпке жанашырлық танытатындар аз. Мал бағатын адам таппай қиналған қария 300 мың теңгеден жалақы төлеп, әрең дегенде үш малшы тапқан. Бірақ бұл аз. Себебі 6 мың бас қойға кем дегенде 8-9 қойшы керек. Ал жастар еңбегі ауыр, тауқіметі көп шаруадан қашады. Салалық басшылық бұл проблемадан хабардар. Осындай мәселе салдарынан өңірде қой басы жыл сайын 100 мыңға кеміп жатыр. «Сондықтан қой шаруашылыққа мемлекеттің қолдауы керек», – дейді мамандар.  

Жеңісбек Кәрібаев, шаруа қожалығының жетекшісі:

- Басқа малмен бұл тең емес, таңғы сағат 04:00-ден кешкі 20:00-ге дейін бағу керек, қазір жастардың бірі келмейді, күніне 10 мың теңге төлеп, айына 300 мың төлеп малшы таба алмай отырмыз.

Ертай Батхолдин, ШҚО ауыл шаруашылық басқармасының бөлім басшысы:

- Бірінші мәселе жалақы 300-350 мың теңге болуы керек, балалары оқу үшін оқу жасындағы балаларына әр жерге интернат салыну керек, одан кейін әлеуметтік жағынан қорғалу керек, тағы бір мәселе ертерек зейнетке шығу керек.