Жетісу облысында 600-ден аса жер үйде қауіпсіздік талаптары сақталмаған

Талдықорғандағы жер үйлердің ауласында салынған жатақханалардың көбінде қауіпсіздік талаптары сақталмаған. Жылыту маусымы алдында арнайы рейд өткізген төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері осылай деп отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

70-тен аса уақытша тұратын баспананы аралаған мамандар үй иелеріне электр жүйесіндегі кем-кетіктерді көрсетіп берді. Сонымен қатар пештегі ақауларды да анықтап, шоқ түсетін жерлерге қаңылтыр қағу, құдықтағы жарықшақтарды бітеу керектігін айтты. Жылына екі рет пешті түгелдей тазалап, от жағу кезеңіне дайындық жасау қажеттігін ескертті. Қауіптің алдын-алу мақсатында сала қызметкерлері жер үйлерді де тексеріп жатыр. Шара аясында 700-ден астам тұрмысы төмен отбасының үйіне улы газды анықтайтын дабыл жүйесі орнатылды. Мамандардың мәліметінше, биыл өңірде 183 нысан өртеніп, алты адам қаза тапқан.

Қанат Алтынбеков, облыстық ТЖД бастығының орынбасары:

– Жетісу облысының ТЖ қызметкерлерімен жеті мыңнан астам отбасына барып, 598 тұрғын үй анықталды. Аталған тұрғын үйлерде өрт қауіпсіздігі бұзушылықтарын жою бойынша жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жұмыс жүргізілуде.