Түркістан облысындағы ауылдарға емхана қажет

Ауылға алғашқы медициналық көмек көрсететін заманауи орталықтар қажет. Кеңес заманында салынған кей емханалардың әбден тозығы жетті, деп хабарлайды «хабар 24».

Мемлекет басшысы жақында халыққа жолдауында 250 фельшерлік-акушерлік пункт салуды тапсырды. Ал Түлкібас ауданы биыл қанша емхана салмақ? Шалғай елді мекендерге қанша фельшерлік-акушерлік тірек қажет? Келтемашат – Түлкібас ауданындағы ең шалғай орналасқан елдімекен. Кеңес заманында салынған емхана әбден тозған. Заман талабына сай келмейді. Сондықтан тұрғындар ауылға жаңа емхананың қажет екенін біраздан бері айтып келеді. Елді мекенде 150 үй, мыңға жуық тұрғын бар. Ауыл жылдан-жылға кеңейіп келеді.

Күлімхан Байсейітова, ауыл тұрғыны:

Ескі емхана, ішінде ешқандай жағдай жоқ. Ішіне от жағады, келген науқастардың бәрі жаурайды. Аурудың үстіне ауру қосып аламыз. Енді құдақаласа жаңа емхана салынып жатыр.

Бердібай Тұрабаев, ауыл тұрғыны:

– Қазіргі талапқа сәйкес барлық елді мекендерде осындай медициналық мекемелер салынып, оны кейінгі заманауи дамыған медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген болса, әрине бұл халықтың әлеуметтік және денсаулығын сақтау жөніндегі мәселенің шешемін табады деген ойымыз бар.

Қазір Келтемашат елді мекенінде жаңа фельдшерлік-акушерлік пункттің іргетасы қаланып жатыр. Мердігер мекеме басшысы екі қабатты нысанның құрылысын жыл соңына дейін аяқтап, ел игілігіне береміз деп отыр. Мамандар бұдан бөлек, дәл осындай емхана құрылысы аудандағы Шұқырбұлақ, Ақбиік, Тұрар елдімекенінде басталғанын айтады. Жалпы төрт нысанның жобалық семталық құны 560 млн теңге.

Жансұлу Ақылбаева, аудандық аурухана бас дәрігерінің орынбасары:

– Біздің жоспармызда 15 елді мекенде осындай құрылыс жоспарланған. Он бес елді мекеннің 4-і биыл, 6 елді мекендікі келесі жылы, қалғаны оның арғы жылдарға өтеді. Осыдан бөлек, тағы бізде 8 елді мекенде күрделі жөндеу жұмыстарын талап ететін нысандарымыз бар. Оларға сметалық құжаттары дайындалып жатыр.

Жауапты мамандардың айтуынша, жаңадан салынып жатқан фельдшерлік-акушерлік пункттердің барлығы заман талабына сай соңғы үлгідегі медициналық құралдармен жабдықталады. Емханаларда маман тапшылығы жоқ. Алайда аудандық ауруханаларға лор, окулист сияқты кейбір дәрігерлері жеткіліксіз. Мамандар сұраныс берілгенін айтады.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов