Бұл бөлме Яна Баймақановаға әлеуметтік қорғау саласы арқылы бұйырды, деп хабарлайды «хабар 24».
Екі айдан бері балаларымен осында тұрады. Кенжесі алты айлық. Күйеуі арасындағы ұрыс-керіс салдарынан Әулиекөлдегі үйін тастап кетуіне себеп болған.
Руслан Керімбаев, Әулиекөл аудандық полиция бөлімінің учаскелік инспекторы:
– Яна Баймақанова ағымдағы жылдың шілде айында бірге тұратын күйеуіне арызданған болатын. Сол кезде полиция бөлімінің қызметкерлері мен ювеналды полиция бөлімі, жергілікті қызмет бөлімі жұмыстарын бірге жандандырып, осы кісіні Қостанай қаласындағы зорлық-зомбылық көргендер орталығына енгізгенбіз. ҚР 73-бабы бойынша өзінің күйеуі бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған болатын.
Қазір Яна киім-кешексіз қалды. Күйеуімен тұрған үйі орман өртінен түгел жанып кетті. Не материалдық, не гуманитарлық көмекке қол жеткізе алмай жүр. Келіні баласын тастап кеткендіктен енесі, яғни үй қожайыны оған көмектесуден бас тартқан.
Яна Баймақанова, Аманқарағай ауылының тұрғыны:
– Маған ешбір көмек берілмейді. Себебі күйеуіммен бірге тұрған үй енемнің атында. Ол мені, балаларымды зардап шеккендер тізіміне енгізбеді. Ал баспанадағы кейбір дүниелер менің үлесімде болды. Енем болса бұл үйде емес, басқа мекенжайда тұрады. Оның ешбір мүлкі бүлінген жоқ.
Әбден ашынған әйел балаларымен дағдарыс орталығын тағы төрт ай паналайды. Кейін басқа жерден қоныс іздеуге мәжбүр болады.
Яна Баймақанова, Аманқарағай ауылының тұрғыны:
– Төрт баламен далада қалатын түрім бар. Ақша да, киім де жоқ. Енем өзінің банк шотын ұсынып, қор арқылы шамамен екі миллион теңгені рәсімдеп алды.
Жалпы Аманқарағай ауылдық округінде ормандағы өрт кезінде 91 үй күлге айналды. Зардап шеккендер тізімінде Баймақановтар жанұясы бар. Олар барлық тиісті көмекті алған. Ал азық-түлік, киім-кешек, қаражатты отбасы мүшелері өзара қалай бөліп алатынын әкімдік қадағаламайды.
Байтемір Ысмайылов, Аманқарағай ауылдық округінің әкімі:
– Өртенген үй қожайындарына шамамен үш миллион теңгеден берілді. Баймақановтар жанұясының қаржы алғаны туралы дәлелді тізім бар. Мүмкін күйеуі, енесі алған болар. Қалай дегенмен алды деген қолтаңбасы бізде бар.
Қайткенмен көпбалалы ана жаңа тұрғын үйге үміткер бола алмайды. Аудандық әкімдіктің жауабы осы. Яна Баймақанова өртеніп кеткен үй мекенжайында тұрса да, заң баспана қожайыны жағында.
Дәулет Қойшымбаев, Әулиекөл аудандық мәслихат хатшысы:
– Төтенше жағдай туралы заңға сәйкес комиссия әуелі үй иесінің арызын қарайды. Үй құжаттары толық болмаған жағдайда өтемақы, орнына басқа үй берілмейді. Бұл жерде құқықтық, не азаматтық жағдайлар мүліктік, мұрагерлік бойынша өзара реттелмеген. Өз құқын тек сот арқылы дәлелдеуден басқа амал жоқ.
Көп балалы ана өз құқын әрі қарай дәлелдеуге ниетті. Облыстық әкімдік, прокуратураға шығып арыз жазған. Әзірге одан ешқандай нәтиже болмай тұр.
Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров