Қазақстан астрономдары орбиталық спутниктерді бақылайды

Орталық Азиядағы ең үлкен телескоп жаңғыртылды. Бұл бірегей ғылыми құрылғы Іле Алатауындағы Асы-Түрген обсерваториясында орналасқан, деп хабарлайды «хабар 24».

Айнасының диаметрі бір жарым метрлік телескопты біздің тілшілеріміз де барып көріп қайтқан еді. Тянь-Шань тауларында қазақ астрофизиктері түсірген мына бейнежазбада қазақтың тұңғыш жер серігі KazSat-1 көрсетілген. Қазіргі уақытта ол Жерден 40 000 шақырым қашықтықтағы орбитаға тұрақтаған. Ал, «KazSat-2» және «KazSat-3» құрылғылары ғалымдардың үнемі бақылауында. Қазір бұл спутниктер өздерінің негізгі міндеттері бойынша жұмыс істеп тұр. Олардың бірінің ғарыштағы қызметіне 11 жыл болса, екіншісіне 8 жыл.

Максим Кругов, Астрофизика институтының аға ғылыми қызметкері:

– Ғарыш кеңістігінде үнемі бөлшектер «шабуылы» болып тұрады. Сол себепті барлық материалдар ұзақ уақыт қызмет ете алмайды. 40 мың шақырым жерде спутникте не болып жатқанын түсіну өте қиын екені анық. Сіз оған бармайсыз және оны сезбейсіз. Бірақ жердегі телескоптардан спектрлік бақылаулар, фотометриялық сараптаулар жасау арқылы, онда не болып жатқанын түсінуге болады.

Орбиталық спутниктер өте қымбат құрылғылар. Сондықтан олардың қызмет ету мерзімін ұзарту, шығындарды айтарлықтай үнемдейді. Бірақ бұл үшін құрылғының  толық бейнесі болуы керек. Жаңа құрылғымен жабдықталған Орталық Азиядағы ең үлкен телескоп қолданбалы тапсырмаларды орындаумен қатар, іргелі ғылымға қызмет ете алады. Мәселен, оның көмегімен ғарыш әлеміне үңіле аласыз.

Максим Кругов, Астрофизика институтының аға ғылыми қызметкері:

Спектрограф жұлдыздарда болып жатқан процестерді талдау үшін қажет. Құрылғы арқылы заттың құрамын анықтаймыз. Бұл спектрограф көлемді-фазалық голографиялық торлармен жабдықталған. Әлемде өте жоғары сапалы торларды үш ел шығарад: Германия, АҚШ және Жапония. Олар үлкен форматты астрономиялық зерттеулерге жарамды. Телескоп толығымен қазақстандық өнім. Біз біраз бөлшектерді шетелден алдық, бірақ құрылғы Қазақстанда жинақталды.

Соңғы бірнеше жылда Асы-Түрген обсерваториясы күрделі жаңғыртуден өтті. Солтүстік Тянь-Шаньның қолайлы астроклиматы және ірі қалалардан шалғай орналасуы обсерваторияның халықаралық ғылыми бағдарламаларды жүзеге асыруына өте тиімді. Жыл соңына дейін нысанға тағы үш жаңа телескоп орнатылады.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Григорий Беденко, Мұхит Құдықбаев