Жаңалық тұрғындары жолдағы қауіпсіздікті күшейтуді талап етті – Алматы облысы

Кеше ғана жүргінші жолағынан өтіп бара жатқан 6-сынып оқушысын көлік қағып кетіп, бала сол жерде көз жұмды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Халық елді мекенді қақ жарып өтетін Алматы – Жетіген тас жолына бағдаршам немесе «Сергек» камерасын орнатуды сұрайды. Әйтпесе кешегі жағдайдың ертең тағы қайталануы әбден мүмкін. Мансұр тірі болғанда бүгін 11-ге толар еді. Ата-анасы оның туған күнін жасап беруге дайындалып жатқан. Қаралы үйдің көршісі Әлия Өтежанова осылай деп көзінің жасын тия алар емес.

Әлия Өтежанова, Жаңалық ауылының тұрғыны:

– Менің баламның досы. Бүгін туған күні. 11 жасқа толады. Өте жақсы бала еді. Тура осы Мансұрды қаққан жерден екі баламды қақты. Тұңғышым мен одан кейінгі қызымды. 2016-да қақты. Неше жылдан бері емдетіп келе жатырмын.

Гүлім Өмірбек, №37 орта мектептің оқу ісінің меңгерушісі:

Тәртіпті, жақсы бала еді. Амал жоқ. 5 сабақтан шықты 5-тен 15 минут кеткенде шықты. 5-тен 28 кеткенде осында қайғылы жағдай болды деп біз естідік.

Мансұрды дәл осы жаяу жүргіншілер жолағында қаққан. Бұл ауылдың ортасынан өтетін Алматы – Жетіген жолы. Мектепке барып-қайту үшін тасжолдың қарсы бетінде тұратын балалар осы жерден өтуге мәжбүр. Кеше кешкісін Мансұр да сыныптастарымен сабақтан қайтқан. Автокөліктің соққысынан баланың денесі біраз жерге ұшып кеткен. 

Айгүл Қоңдыбаева, Жаңалық ауылының тұрғыны:

Оны көрген біздің балаларымыз жағдайы ауыр. Бүгін біз балаларымызды сабаққа жібермедік. Осыдан кейін біз жібергіміз келмейді сабаққа. Пешеходты жасасын бірінші.

Ал Қайнар ауылдық округінің әкімі болса, жол қауіпсіздігіне қатысты шаралар қолға алынып жатыр деуден аса алмай отыр. Айтуынша, бұл жыл басынан бергі екінші қайғылы оқиға.

Нұрболат Манапбаев, Қайнар ауылдық округінің әкімі:

Бұл жерде зерттеу жүргіздік. Департамент полиция бар. Автожол мамандары бар. Көрсеткен болатынбыз. Қай жерге қандай кедергі қою керек. Қай жерге пешеход қою керек. Сергекті Әлидің поворотынан бастап қойдық. Бүгін түстен кейін лежачий полицейді көрсетеміз қай жерге қою керек.

Расымен Жаңалық ауылының өзіне 8 бірдей шағын аудан кіреді. Халық саны 7 мыңнан асып жығылады. Бұл тіркелгені ғана. Елді мекенде 460 орынға арналған бір ғана мектеп бар. Қазір білім ошағында 3 аусыммен 2 мыңға тарта бала оқып жатыр. Ондағылар: «Тапсырыс бердік, тасымал мәселесін Талғар ауданының білім бөлімі шешеді», – дейді. Ал Мансұр тұрған «Шығыс» шағын ауданында мектеп салынады дегелі 4-5 жыл болған. Биыл жобасы жасалып бітсе, келесі жылы құрылысы басталуы мүмкін. Бұл әзірге жоспар ғана. Ал баланы қаққан 24 жастағы көлік жүргізушісі уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Қазір жол-көлік оқиғасына қатысты тергеу шаралары жүріп жатыр. Ал ауыл тұрғындары жаяу жүргіншілер жолағының жанына қосымша Сергек камерасын қоюды талап етіп отыр. «Тек сонда ғана аптыққан көлік жүргізушілері жылдамдықты бәсеңдетеді», – дейді.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Радик Жакупов