Қант қызылшасын өсірудің машақаты аз емес – жетісулық диқандар

Қант қызылшасына төленетін субсидияны арттыру, тыңайтқышпен толық қамту, дизель отынының сапасын жақсарту керек. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілқайыр Тамабекпен кездескен жетісулық шаруалар осындай мәселе көтерді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір тәтті түбірдің әр тоннасына зауыт пен мемлекеттен 30 мың теңге субсидия төленеді. Және өнімді тасымалдауға кететін көлік шығынының бір бөлігі өтеледі. Шаруалар бұл қаражат көлемін арттыру керек деп есептейді. Өйткені биыл Ақсу қант зауыты өнім қабылдамайды. Сол себепті шаруалар шикізатты Көксу зауытына әкеліп өткізуге мәжбүр.

Әшімғали  Құсайынұлы, шаруа қожалық жетекшісі:

– Бізде шығын көп. Қазір Үкімет есептейді, бір гектарға 450-500 мың теңге деп. Қазір олай емес. Біздің шығынымыз бүгінгі күнге бір гектарға 850-900 мың теңге. Енді біз қазір қызылшаны жинаймыз, 160 км жерге қызылшаны әкелеміз. Сондықтан біз оны таси аламыз ба алмаймыз ба ол мәселе болып тұр. Негізінен субсидия 55-60 болу керек.

Жетісу облысында кейінгі жылдары қант қызылшасының алқабы кеміген. Биыл аталған дақыл 6 мың гектарға егілгенімен оның бір бөлігі өнбей қалды. 

Әлібек Жақанбаев, облыс әкімінің орынбасары:

– Өсіп тұрған қызылшаның нақты көлемі 4230 гектарды құрады. Берілген жоспар барлық аудандарда орындалмаған. 1800 гектар шықпай қалды. Бұл келеңсіз жағдай агротехнологиялық талаптардың өз мерзімінде сақталмауынан туындап отыр.

Қант қызылшасы алқабын ұлғайту үшін шаруалар ұсақ қожалықтарды біріктіріп, ауыспалы егістікті сақтап, зауыт негізінде кластер құру керектігін көтерді. Сонымен қатар тыңайтқышпен қамту проблемасына тоқталды. Әрі оның бағасы жыл сайын өсетінін айтты. Жанар жағармай да жиын терін кезінде қымбаттайды. Су тапшылығы да бар. Заманауи техника алу ісінде де мемлекеттік көмек керек. Осы себепті шаруалар тәтті түбірді  емес көбіне майлы дақылдарды егуге тырысады. Вице-министр өнімнің әр тоннасына берілетін субсидияны 40 мың теңгеге дейін көтеру арқылы жағдай реттелетінін жеткізді. 

Әбілхайыр Тамабек, ҚР ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары:

– Біздің есебіміз бойынша осы қырық теңгеге көтергенде баға жүгері соя, рапс сияқты өнімді алдық. Солардың өнімділігіне шамалас етіп қойдық. Кейбір мәдениет бойынша қырық теңгеге көбейткенде қант қызылшасының пайдасы көбірек болады. Енді инфляция жеп,тұқым өсіп жатса тағы да қарастыруға дайынбыз. Мемлекет есебінен бола ма жоқ зауыт есебінен бола ма оны шешетін боламыз.

Вице-министр химиялық зауытпен келісім жасалғанын енді   шаруалар тыңайтқыштан тарықпайтынын айтты. Әрі қант қызылшасын жинайтын комбайнға кеткен шығынның 50 проценті субсидияланатынын атап өтті. Осы және өзге де мәселелер саланы дамытудың кешенді жоспары негізінде өз шешімін таппақ. Сол арқылы 2026 жылға дейін елімізде қант қызылшасының өндірісін 43 пайызға жеткізіп, импортты 18 проценке дейін азайту көзделіп отыр. 

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев