Қарағанды облысының тоз-тозы шыққан Тасарал жолы жөнделді

Қарағанды облысының Ақтоғай ауданына қарасты Тасарал ауылына баратын 13 шақырым жол бірінші рет орташа жөндеуден өтіп, ел игілігіне берілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

 Бұл аралыққа сонау 70-ші жылдары грейдер салынып, осы күнге дейін тоз-тозы шыққан еді. Асфальт алғаш рет төселіп отыр. Ол үшін қазынадан 477 млн теңге қаржы бөлінген. Ауылдан басталатын бұл жол Алматы мен Астананың арасын жалғап жатқан автобанға барып қосылады. Қазір Тасарал елді мекенінде шамамен 500-дей адам тұрады.

Жұмағұл Шөженов, ауыл тұрғыны:

- 80 жыл тосқан мына жол қазір бітіп отыр. Өте көп қиындықтар болды. Жаңбыр жауса, жол лай болып кетеді, қыстың күні қар жауса, бітеліп, жарты айлап жолда жүре алмайтынбыз. Ұжым-бірліктің арқасында жол құрылысы бітті. Бұл – үлкен қуаныш, тұрғындар қатты қуанып жатыр.