Отандық өнім өндіруде олқылық бар ма?

Елімізде жеңіл өнеркәсіп саласының дамуы – бүгінгі таңда басым бағыттардың бірі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осы орайда ел үкіметі отандық жеңіл өнеркәсіп саласын қолдау үшін еркін экономикалық аймақтар құрылып, салық жеңілдіктерін, несиелендіру мен гранттар қарастырып, инвестициялар тартып жатыр. Мұның барлығы саланың дамуына ықпалын тигізу қажет. Бірақ жеңіл өнеркәсіп алға жылжымай тұр. Қарапайым шұлықтың өзі шетелден келеді. Ал кәсіпкерлердің бұған өз уәжі бар.

Гүлзия Нақыпқызы, тілші:

- Базарға бас сұға қалсаңыз,қырғыз бен өзбек ағайынның тауарлары сөрелерде толып тұр. Бағасы қолжетімді. Балалар киімін тіптен арзанға алып кетесіз. Қара базардан неге өзіміздің өнімді қолжетімді бағаға қолтықтап кете алмаймыз? «Себебі бізде шикізат тапшылығы кесе-көлденең тұр», – дейді кәсіпкерлер.

Қазақстандық тауар өндіруді қолға алып, кәсібін дөңгелетуге ниетті жандар бар. Әрине, бұл қос қолдап қолдауға тұрарлық. Алайда кейбір кәсіпорындар іске қосылғанымен қуатты күшіне шыға алмай, айдалада адасқан көштің кейпін киіп жатқаны қынжылтады. Ал өндірістің тіршілігін қарапайым шикізаттың тапшылығы тұралатып қойғаны жанға батады.

Бейбіт Күлшікбаева, кәсіпкер:

- Өздеріңіз білетін шығарсыздар, жоғары сапалы матаны әкелу қиын,  Қазақстанда ондай деңгейге жеткен жоқпыз. Ондай маталар шығарылмайды, сондықтан біз барлығын Түркиядан әкелеміз. Тіпті түймесін де сол жақтан әкелеміз. Сондықтан біз бағасын көтеруге мәжбүрміз. Өйткені 12% құн салығы бар. Өздеріңіз білесіздер, оңай шаруа емес.

Елдегі кәсіпкерлердің бас ауруына айналған мәселе – кедендік көп салық пен шикізат тапшылығы. Жеке кәсіпкер Әскер Башеев мектеп формасын тігіп сатумен айналысады. 6 жылдан бері 40-тан аса адамға жұмыс беріп отырған ол: «Зауытты кеңейтуге мүмкіндік жоқ», – дейді. Алайда нарықта сұраныстың 30% жауып отыр. Көршілес елдердің тәжірибесін де тілге тиек етті.

Әскер Башеев, кәсіпкер:

- Өзбекстанда бұл сала кеңінен қолдау тапқан. Оларда қосылған құн салығы мүлде жоқ. Сондай-ақ жеке кәсіпкерлерге табыс салығы салынбайды. Тиісінше, зауыт көп, өндіріс дамып келеді. Бұл бір жағынан ел ішінде жоғары бәсекелестік тудырады. Екіншіден бизнесті, саланы дамытады. Өйткені олар бір-бірімен сапа, баға бойынша бәсекелес. Сондай-ақ оларда маман тапшылығы жоқ.  

Иә, бізде маман тапшы. Мектеп бітірген бала тігінші болам деп оқуға түсуі сирек кездесетін жайт. «Сондықтан жастарды оқуға баулуды жүйелі түрде қолға алу керек», – дейді мамандар. Хош, өнімге оралсақ. Елде мақта мен өндіруші зауыттан кенде емеспіз. Алайда мақтаны жинап, матаны өңдеп, өзімізде неге пайдаланбасқа деген заңды сұрақ туады.

Гүлмира Уахитова, Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары ұлттық бірлестігінің басшысы:

- Бізде дайын матаны шығаруға мүмкіндік жоқ. Сондықтан мақтаны жинап, оны кәсіпорындарда өңдеп, бояусыз шикі матаны шығарады. Яғни ол – біздің шикізат. Іс жүзінде біз шетелге жартылай дайын өнімді импорттаймыз. Ал оны бізден сатып алған шетелдіктер матаны бояп, оны әрлендіреді. Кейін дайын материалды киім ретінде бізге қайта сатады. Сәйкесінше баға шарықтайды. Осылайша, олардың өнімі біздің нарыққа түседі. Өзіміздің шикізатты қымбат бағаға тауар ретінде қайта сатып алып отырмыз.

Жоғарыда аталған әлгі проблеманың барлығын тиісті министрлік өкіліне тізіп айттық. Ол қазір еш кедергі жоқ, кәсіпкерлер қалаған сауда түрімен айналыса алады. Мемлекеттен қолдау бар деді.

Айжан Әділова, ҚР ИИДМ Жеңіл өнеркәсіп басқармасының басшысы:

- Бізде жеңіл өнеркәсіпті дамытудың 2025 жылға дейінгі жол картасы бар. Биылдан бастап іске қосылған. Онда инвестицияларды, соның ішінде инвесторларды тарту қарастырылған. Басқа елдермен салыстырғанда бізде мемлекет тарапынан жақсы қолдау бар. Мысалы, кез келген кәсіпкер несие, субсидия ала алады. Өндірушілердің көпшілігі кепілдендірілген бизнеске бағытталған несиемен де қамтылған.

Сайып келгенде қазақстандық өнімнің сапасы өзгелердікінен артық болмаса кем емес. Бағасы да қазіргі нарықта қолжетімді. Салыстырып көрдік. Түркия өндірісінен шыққан оқушы формасын 15-20 мың теңгеге алуға болады. Ал дәл сондай отандық тауар 17 мың теңге шамасында.  

Авторлары: Гүлзия Нақыпқызы, Нұрғали Мамырбаев