Елімізде жеңіл өнеркәсіпке қолдау қажет

Шымкенттегі 750 тұрақты жұмыс орны бар жеңіл өнеркәсіптік фабрикасында 400 адам уақытша еңбек демалысына шықты, деп хабарлайды «Хабар 24».

 Өйткені отандық тауарға сұраныс күрт азайып кеткен. Салдарынан кәсіпорын қоймасында 5 млрд теңгені құрайтын тауар өнімдері қаңтарылып тұр. Арнайы экономикалық аймақта орналасқан жеңіл өнеркәсіп фабрикасында жылына 10 мың тонна мақта өнімдері өңделеді. Кәсіпорын нарыққа жастық тысы мен сүлгі, жаймалар, сондай-ақ тұрмысқа қажетті тоқыма бұйымдары мен медициналық формалар шығарады. «Алайда түрлі кедіргілерге қоса ішкі нарықта шетелдің компаниялары бәсекелестік танытып отыр», – дейді өндіріс орнының басшылығы.

Берік Қадірәлиев, компаниялар тобының басқарушы директоры:

- Өзіміздің қоймамызда 5 млрд теңгенің тауары тұр. Ол ешқандай сұранысқа ие болған жоқ. Шетелге шығаратын кезімізде Ресейде болып жатқан арнайы операциясының есебінен Еуропаға шығатын жолдың бәрін жауып тастады. Бүгінгі таңда экспорттауда үлкен қиындықтар туындап жатыр. Бұл жерде тек қана саяси шешім керек. Сол кезде біз Мақтарал мен Түркістан облысында өсірілген мақтаны толығымен өңдеп, Шымкент қаласында 15 мың жаңа жұмыс орнын аша аламыз.