Қызылорда облысында кенеге қарсы күзгі өңдеу шаралары басталды

Бұл жолы қолайсыз аймақтар қатарына енген 116 елді мекеннің төңірегі мен қора-қопсысына түгел арнайы препарат себіліп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тамыздың 19-нан басталған шара қазанның 25-не дейін жалғасады. Қолайсыз елді мекендердегі санитариялық  қорғаныс аймақтары, қора жайлар, буферлік аймақтар кенеге қарсы түгел залалсыздандырылмақ. Өйткені өңірде Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының инфекциясын тасымалдайтын иксодты кенелердің түрі 16-ға дейін көбейген. Аймақта кене шағу дерегі де 4 есеге артып отыр. Өкінішке орай 4 адам көз жұмды. Кенелер жыл бойы жылы қора-жайларда көбейе береді. «Сондықтан сақтық шараларын бәсеңдетуге болмайды», – дейді мамандар.

Жамиля Тәжікова, Жақыпбек Махамбетов ауылының тұрғыны:

- Енді біз сауын сауып отырған кезде кейде емшегінен табамыз. Оны қолғаппен алып, тазалап тұрмаса қауіпті. Адамға да қауіпті, малға да қауіпті.   

Әлия Әбдіқайымова, облыстық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:

- Күз айында иксодты кенелер жұмыртқалауға кетеді. Бір кененің өзі бірнеше мыңдаған жұмыртқа салатын болса, егер ол кене зақымдалған болса, сол кенеден тұқымына, жұмыртқаның барлығы, одан шыққан кененің барлығы зақымдалған, тасымалдаушы кене болып шығады.