Архивтерде Ашық есік күні өтіп жатыр

Архив және болашақ ұрпақ. Дәл осындай атаумен еліміздің барлық өңіріндегі архивтерде Ашық есік күні өтіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жалпы республика бойынша 220-ға жуық архив бар. Онда 26 млн құжат сақталған. Дәл бүгін мектеп оқушылары мен студенттер сол мұрағатқа барып, құнды құжаттармен танысып, тарихқа терең бойлай алады. Астанадағы ұлттық архив те, жеткіншектерге есігін айқара ашты.

Қуат Бораш, Архив істері және құжаттаманы басқару комитетінің төрағасы:

- Жалпы архив – әлемнің әрбір мемлекетінің өркениеттік өлшемі, дамуы барлығы осы архивтермен тікелей байланысты. Өйткені жазба тарихтың барлығы осында жатыр. Соны жас ұрпақ ұстап, өз көзімен көріп, еліміздің XVI ғасырдан бастап қазіргі кезге дейінгі тарихты көрсе, олардың бойларында ұлтқа, Отанға деген сүйіспеншілік қалыптасады.

Аружан Болат, 7-сынып оқушысы:

- Мен басында архивті мүлдем басқаша деп ойладым. Бірақ осы жерге келген соң атмосферасының бөлек екенін түсіндім. Түрлі тарихи мұралар өте көп екен.