ШҚО – Қостанай: екі өңірдегі өрт экожүйені бүлдірді

Қостанай облысындағы өрттен кейін экожүйені қалпына келтіру үшін ғасырға жуық уақыт керек. Ел экологтары дабыл қаға бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Орман өртінен басқа да өңірлер айтарлықтай зардап шекті. Өскемен қаласын бірнеше күн бойы түтін тұмшалап тұр. Шаһарда екінші дәрежелі қолайсыз метеожағдай қалыптасты.  Ауаның ластануы адамдардың денсаулығына зиян екенін айтады дәрігерлер. Осы аптаның басынан бері Өскеменде көк түтін сейілер емес. Экологтар бұл жағдайды желдің болмауымен байланыстырады.  Қою түтін үйіріліп тұр. Ауада күкірт пен азот қышқылы қалыпты мөлшерден асып түскен. Осыған орай зауыттар өндіріс көлемін 20 процентке азайтуға мәжбүр болды. Кейбір металлургиялық кәсіпорын тіпті жұмысын тоқтатқан.

Рауан Тұраров, ШҚО бас экологиялық инспекторы:

Былай айтқанда 40 минут, 20 минут төңірегінде болған ауытқулар. Қалған күндері, қалған уақыттары шекті концентрациясынан аспаған. Неше түрлі себеп болуы мүмкін. Біріншіден, өндірістік зонадан желмен ластаушы заттардың келуі бақылау пунктісіне немесе сол бақылау пунктісінің маңында автокөліктің жұмысының нәтижесі болуы мүмкін.

Орман өрті Қостанай облысының экожүйесіне айтарлықтай залал келтірді. Жүздеген қайың мен қарағай күлге айналды. Отқа оранған 48 мың гектар аумақта құстың 150-ден аса түрі мекендеді. Оның 16-сы Қызыл кітапқа енген. Қырылған құс пен жануардың нақты саны әзірге белгісіз.

Айгүл Хасанова, ауыл шаруашылығы магистрі:

– Өрт болған жер тарихи, ғылыми тұрғыда бағалы экожүйенің бірі болған ұзақ уақыт бойы. Аманқарағай орман алқабында бұрынғы заманнан келе жатқан реликті өсімдіктердің түрлері болған. Соның ішінде қарағай мысалы. Жалпы қандай да бір экожүйе болсын сондай бір фактордан жойылып кетіп жатса, белгілі бір уақыттан кейін ол экожйүе қайтадан қалпына келеді. Бірақ биоценоз өзгереді. Алдымен шөптесін өсімдіктер шығуы мүмкін. Жарық сүйгіш өсімдіктер. Содан кейін жұмсақ жапырақты өсімдіктер. Ағаштар өсуі мүмкін. 

Бұл пролбеманы мемлекеттік бағдарлама арқылы шешуге болады дейді экологтар. Айтуларынша, дәл қазір орманды қорғау және қалпына келтіру бойынша жедел іс-шаралар қабылдаған жөн. Жаппай жас көшеттер егуді қолға алу керек.

Айгүл Хасанова, ауыл шаруашылығы магистрі:

– Табиғат пен қоғам серіктес ретінде осы мәселені шешу керек. Мысалы, екпе ағаштарды өсіріп деген сияқты. Сол жердің топырағына бейімделген ағаш өсімдіктерді біздің климатқа жақсы өсіп өнетін сондай ағаштарды егу керек. Шетелде мысалы, көптеген бағдарлама бар ғой. Мысалы, Филиппин аралында оларда әрбір азамат 11 жасқа келгенде міндетті түрде жыл сайын бір ағаш егу керек.

Экологтардың болжауынша, Аманқарағайдағы ну орманның қалпына келуіне кемінде 80 жыл уақыт қажет. Әйтпесе Тобыл өңірінің ең көрікті мекені болған Әулиекөл ауданының аумағы шөлейтке айналуы әбден мүмкін, дейді ғалымдар.   

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Вячеслав Ветлугин, Сергей Трахтенберг