Жылыту маусымына дайындық қалай?

Наурыз айының жиырмасы. Кешкі сағат жеті шамасында жылу электр орталығында түтін шығатын мұржа опырылып түсті. Апат салдарынан бір адам мерт болды. Сол күннен бастап шаһар тұрғындарынан маза кетті. Бәрін алаңдатқан мәселе орталықтың бүгінгі жай-күйі. Себебі стратегиялық нысан әбден ескіргендіктен, халық қыста тағы да жылусыз қаламыз ба деп алаңдады.

Құлаған мұржаны бөлшектеу әлі жалғасып жатыр. Осы күнге дейін мамандар оны қолмен бұзса, жақында Астана қаласынан арнайы техника жеткізілді. Енді ол гидравикалық балғаның көмегімен үгітілуде.  Жалпы қазір орталықта 400-ге жуық адам жөндеу жұмыстарына жұмылдырылған. Жауаптылардың сөзінше шаруалар жоспарға сай жүргізіліп жатыр.

Олег Перфилов, жылу электр компаниясының бас директоры:

- Бүгінгі күнге дейін біз екінші түтін мұржасын жөндеп үлгердік.  Сондай-ақ қазандықтардың бесеуі қазір қалыпты жағдайда жұмыс істеп тұр. Сәтін салса, қазан айында тағы төртеуін іске қосатын боламыз.  Қазір бізде 10 мердігер компания еңбек етуде. Сондықтан алаңдауға еш негіз жоқ. Біз алдағы науқанға  дайынбыз.

Осы аптаның соңында сәтін салса қалаға жылу беріле бастайды. Әкімдіктегі мамандардың мәліметше, қазір шахардағы 1115 көпқабатты тұрғын үйдің барлығында жуып-шаю жұмыстары жүргізілген. 

Әсем Айтолла, қалалық ТКШ бөлімінің баспасөз хатшысы:

- Ауа-райының жылы болуына байланысты, бізге биылғы жылы Петропавл бойынша жылыту маусымы кейінге шегеріліп жатыр. Биылғы жылы қала әкімінің қаулысымен 24 қыркүйек күні жылу беру басталады. Ең алдымен бізде әлеуметтік нысандарға, мектептерге, балабақшаларға беріледі. Одан кейін тұрғын үйлерге берілетін болады.

Синоптиктердің мәліметінше келер аптада өңірде күн суытады. Тіпті түнде сынап бағанасы нөлге дейін төмендейді. Ал, тоз-тозы шыққан жылу электр орталығының маусымға қаншалықты дайын екендігін қаһарлы қыс Көрсетеді.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Төлеген Иманов