Елімізде орақ науқаны қызып тұр

Жазда ылғалдың көп болуынан дәнді дақылдар үш бірдей облыста бітік шықты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Орақ түскен алқаптар гектарына орташа есеппен 12 центнер өнім беріп жатыр. Ендігі міндет – ел ырысын ысырап етпей жинап алу.

Соңғы аптада Тобыл өңірінде күн күрт ысып, жиын-терін қызу қарқынмен жүріп жатыр. Алқаптағы механизаторларда тыным жоқ. Қостанайлық диқандар қамбаға 4 млн тоннадан асатын астықты құйып үлгерді. Жиналған өнім былтырғы көрсеткіштен бір миллион тоннаға артық.

Кенже Жұмандықов, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы:

- Егін науқаны облыс бойынша осы аптада аяқталады деп сенеміз. Ол дәнді дақылдар ғана. Жангелдин ауданы егін науқанын бітірді. Майлы дақылдарын ғана жинап жатыр. Осы жақында аяқтайды. Өйткені егістік көлемдері аз. 90% орған аудандар ішінде Наурызым, Амангелді ауданы.

Солтүстік Қазақстан облысында да бидай орағы межеге жақын. Орташа өнімділік гектарына 14 центнерден шығып отыр. Теріскейдегі биылғы егіннің сапасы ерекше болмақ. Себебі танаптардың деніне элиталық тұқым себілді.

Мейрам Меңдібаев, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

- Осы жылғы бидайдың сапасы жақсы. Желімтегі 28-27% болады. Элеваторларға 774 мың тонна астық енгізілді. Үшінші санаттағы 86% болады.

Ақмолалық диқандар 43 мың гектардың егінін жинап үлгірді. Қазір бидайды кептіру, қырманға тасу жұмыстары жүріп жатыр. Техника қуатты, жанар-жағармай жеткілікті. "Жиын-терім науқанын екі-үш күнде толық жинап үлгереміз", – дейді шаруалар. Мемлекет тарапынан диқандарға қажетті жәрдем көрсетілген. Астық қабылдау орындары да дайын. Туындаған келеңсіздіктердің бәрі дер уақытында шешілді. Сондықтан ылғалы жеткілікті болған биылдан диқандар қауымы 5 млн тоннадан астам астық жинаудан үмітті.    

Еркеш Әленов, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

- Биылғы жылы Үкімет тарапынан көмек арзандатылған жанармай 83 мың тоннаны құраған болса, қазіргі таңда 72 мыңы шаруашылықтарға жеткізілді. Қалған 17 мыңы келісімшартқа отырып, қазір осы айда жеткізілетін болады.

Жалпы биыл Қазақстанда 18 млн тоннадан аса дәнді-дақыл қамбаға құйылады деп жоспарланған. Соның 13,5 млн тоннадайы бидайға тиесілі.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Дәмір Берікұлы