Түркістан облысында алма теру науқаны қарқынды жүріп жатыр

Биыл өңірде ауа райы қолайлы болғандықтан өнім де мол, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әсіресе Түлкібас ауданын алманың отаны деуге болады. Қазір мұндағы қарқынды бауларда қарбалас тіршілік қайнаған. Биыл өңір бағбандары 35 мың тонна өнім жинауды жоспарлап отыр.

Түлкібастың ауасынан алманың исі аңқиды. Майтөбе ауылындағы мына шаруашылық осыдан 7 жыл бұрын құрылған. Мұнда 115 гектарға алманың бес жұлдыз және голден делишес сорттары егілген. Қазір мұнда тәтті жемістің пісіп, төгіліп атқан кезі. Тұтас ауыл болып, алма теру науқанына қатысып жатыр.

Алмас Бекенов, Майтөбе ауылының тұрғыны:

- Қыз-жігіттер теріп жатыр. Біз осыны сорттаймыз. Мынау – бірінші сорт алмамыз. Екінші сорты мына жақта тұр. Күнделікті жұмысымызға 4 мың теңгеден беріп жатыр.

Қазір мұнда күніне 150-200 адам жұмыс істейді. Жартысы алма терсе, қалғаны оны іріктейді. Қораптарға салып, жүк көліктеріне артады. Түлкібастың тәтті алмалары еліміздің барлық өңіріне жөнелтіліп жатыр. Күніне 50-60 тонна алма жиналады. Бағбанның айтуынша, әр түп ағаш 20-30 келіге дейін өнім береді. Биыл 2 мың тоннадай алма жинаймыз деп жоспарлап отыр. 

Ахметжан Абдрасилов, шаура қожалығының басшысы:

- Түлкібас ауданы бойынша алманың орташа бағасы – 200 теңге. Бірінші біз өнімді Қазақстанның ішкі нарығына өткіземіз. Одан кейін Ресейге өткізсек деген оймыз бар. Келесі жылдары өнім көлемі арта береді.

Қарқынды бауда тамшылатып суғару әдісі қолданылады. Ол біріншіден, суды үнемдесе, екіншіден, әр түптің суды қанып ішуіне мүмкіндік береді. Түлкібас ауданында осындай қарқынды баумен айналысатын 50-ден аса шаруашылық бар. Өткен жылы аудан бағбандары 25 мың тонна алма жинаса, биыл бұл көрсеткішті 35 мың тонна жеткіземіз деп жоспарлап отыр. Оның 70-80% басқа өңірлерге жөнелтілсе, қалғаны қоймаларда сақталады. 

Абылай Төлепбергенов, аудандық Ауыл шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі:

- Қазір алма сақтайтын үш қойма жұмыс істеп тұр. Ең үлкені Шақпақ ауылдық округінде сыйымдылығы 2250 тонналық заманауи, газды ортада сақталады. Одан кейін осы Майтөбе ауылында 700 тонналық алма сақтайтын тоңазытқыш бар. Сосын Елтай ауылында 500 тонналық тоңазытқыш жұмыс істеп тұр. Бұл өндірілген алмаларды сақтап, қыс мезгілінде тұтынушыларға таза табиғи Түлкібас өнімдерін ұсынады.

Қарқынды баудың тиімділігін түсінген аудан шаруалары бағбандыққа бет бұрып, қазір алма баудың көлемін 4 мың гектарға жақындап қалды. Оның 3 мыңға жуығы соңғы жылдары егілген жаңа бау. Алма көшеттері Италия, Түркия және Польшадан әкелінген. Қазір гала, голден делишес, бес жұлдыз және пиромин сорттары Түлкібас даласын түрлендіріп тұр.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов