loader


Павлодар облысы күзгі жиын-терімге қызу кірісіп кетті

Қуаңшылыққа қарамастан биыл өнім мол шықты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Картоп өсірушілер гектарына 350 центнерден келіп жатқанын айтады. Жиналған картоп бірден қоймаларға жеткізіледі. Ақсулық фермерлер биыл жаңа ауылшаруашылығы техникасын сынақтан өткізіп жатыр. Олар жаңа кешеннің тиімділігіне тәнті. Жаңа комбайндар дизель отынын аз жұмсайды әрі еңбек ресурстары мен уақытты үнемдейді.

Сергей Бочкарёв, механизатор:

- Бұл техниканың өнімділігі жоғары. Бір өзі төрт комбайнды алмастырады. Ауа райы да тамаша болып тұр.

Дала төсінде қайнаған тірлік. Бүгінгі таңда егілген картоптың жартысынан көбі жиналған. Шаруалар ауа райының қолайлы сәтін ұтымды пайдалануда.

Сергей Бочкарёв, механизатор: 

- Камаз көліктері келгенше картоп комбайнның шанағына жинала береді. Осылайша тоқтаусыз жұмыс істейді. Жоғары тиімділігін көрсетті.

Агрономдар: "Құрғақшылық картоп сапасына әсер етпеді",  дейді. Ылғал аз түскен жылдары егіс алқаптарын жаңбырлатып суару әдісі құтқарады. 

Валентина Лисина, бас агроном:

- Бұл нағыз картоп өсіретін жер. Топырағы құнарлы әрі жұмсақ. Біздің жақта шаруашылықтардың көбі «Гала» сұрпын өсіреді. Бұл картоптың осы өңірге бейімделген түрі. Жақсы өседі.

Ертіс өңіріне кеңінен танымал картоптың сұрпы көктемге дейін сапасын жоймайды. Бұған заманауи көкөніс сақтау қоймаларының да әсері мол. Ал өнімнің ерте пісетін түрлері егіс басынан сатылып кетеді.

Болат Сүлейменов, шаруа қожалығы басшысының орынбасары:

- Қазір біз қоймаға алты мыңыншы тоннаны салып жатырмыз. Сақтауға 12-13 мың тонна қалдырамыз. Өңір тұрғындарын қыс бойы сапалы өніммен қамтамасыз етуді мақсат етіп отырмыз.

Картоп сұрыптауға келген София Зубова колледжде оқиды. Студенттер үшін табыс табуға мүмкіндік бар. Маусымдық жұмысқа жергілікті тұрғындар белсене атсалысады.

София Зубова, студент:

- Бұл сондай ауыр жұмыс емес. Ең бастысы икемің болса болды. Шапшаң қимылдамасаң картопты сұрыптап үлгере алмай қаласың. Еңбегіңе қарай ақшасын жақсы төлейді.

Көкөніс жинау науқаны облыс көлемінде қарқынды жүріп жатыр. Ендігі мақсат берекелі өнімді ысырапсыз жинап, қоймаларға жеткізу.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Марат Игіліков

Сондай-ақ...