Қазақстан-Ресей шекарасы ерекше бақылауда – ҰҚК Шекара қызметі

Қазақстан-Ресей шекарасында елімізге кіріп жатқан шетел азаматтарының саны артқан, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Қазір 30 өткізу пункті штаттық режимде жұмыс істеп жатыр. Адамдар мен көліктердің ұлғаюына байланысты, оның төртеуінде кептеліс байқалуда. Бұл туралы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі хабарлады. Ахуал ерекше бақылауда. Шекара қызметі мемлекеттік құзыретті органдармен бірлесіп, өту орындарында қауіпсіздік пен құқықтық тәртіптің сақталуын қамтамасыз етуде. Статистикалық деректерге сүйенсек, биыл Қазақстанға 4,3 млн шетел азаматы келсе, оның 1 млн 660 мыңы – ресейлік. Олардың елде уақытша болуы есепте. Әрқайсысының төлқұжат деректері мен кіру күні туралы толық ақпарат бар. Бұл жайында еліміздің Ішкі істер министрлігінің Көші-қон қызметі мәлімдеді. Шетелдiктердiң елде болу мерзiмi аяқталғанда, заңға сай шаралар қолданылады.

Аслан Аталықов, ҚР ІІМ Көші-қон қызметі комитеті төрағасының м.а.:

- Шетелдіктердің Қазақстанда болу тәртібі заңмен реттеледі. Бірде-бір шетел азаматы көші-қон заңнамасының талаптарын орындамай, мемлекетіміздің аумағында болуға құқығы жоқ. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің азаматтары үшін Қазақстан Республикасында болудың рұқсат етілген мерзімі мемлекеттік шекарадан өткен күннен бастап, ортақ ереже бойынша 90 күннен кейін аяқталады. Мигранттарды тіркеуді ішкі істер органдары қабылдаушы тараптардың мәліметтері мен Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шетелдіктердің кіруі мен шығуын есепке алатын Мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттерінен бірыңғай дерекқорға уақтылы түсетін мәліметтері негізінде жүзеге асырылады. Шекараны заңсыз өтуге, ел аумағында тіркеу үшін құжаттарды ресімдеу тәртібін бұзуға байланысты кез келген жағдай Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жолы кесіледі.