Ақтөбе облысында егін орағы аяқталуға жақын | LIVE

Ақтөбе облысында көктемде себілген дәнді-дақылдың 90% орылып, науқан аяқталуға жақындады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал егіннің түсімі жылдағыға қарағанда әлдеқайда жоғары. Әр гектардан орташа есеппен 15 центнерден. Тіпті кейбір жерлердегі көрсеткіш 20 центнерден асады. Әнуарбек Мырзатайұлы, тілші:

- Біз қазір облыстағы ең ірі диірмен комбинатында тұрмыз. Мұнда орылған астықты қабылдап, одан көптеген өнім түрлері шығарылады. Соңғы бір айдан бері кәсіпорында жұмыс қызу.

Себебі егін егетін өңірдің барлық аудандарынан күні-түні және демалыс күндері де астық келіп жатыр. Сондықтан жұмысшылар да екі ауысымдық қызмет режиміне көшкен. Тек тамыздың 20-сынан бері комбинат 100-ден астам шаруа қожалығынан 50 мың тоннадан астам бидай қабылдаған. Ал мұнда 135 мың тоннаға дейін астық сақтауға болады. Бүгінде аймақ бойынша дәл осындай 7 нысан жұмыс істеп тұр.

Қанат Тапаев, комбинаттың бас директоры:

- Негізінен Ақтөбе облысында өсірілген бидайдың сапасы қашанда жоғары деңгейде келеді. Биылғы өнім де тәуір. Біздің сақтау қоймамыздың мүмкіндігі зор. Мұнда әкелінген астықты келесі жылдың көктеміне дейін сақтауға болады.

Биылғы көктемде облыс бойынша, 368 мың гектарға дән себілген еді. Оның арасында арпа-бидайдан өзге, көкөніс түрлері де бар. Қазір жиын-терім науқаны аяқталуға жақын. Орташа түсім 15 центнерді құрағанымен, солтүстіктегі Мәртөк, Хромтау, Қарғалы секілді аудандардың кей жерлерінде 20 центнерден де жоғары. Ауыл шаруашылығы мамандарының айтуынша, биыл егін бітік шықты деп айтуға толық негіз бар. Себебі мұндай көрсеткіш соңғы 6-7 жылда болмаған. Қазірдің өзінде жиылып алынған өнім 480 мың тоннаны құрап отыр. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда екі есе жоғары көрсеткіш. Сондықтан сырт елдерге шығаруға мүмкіндік туған.

Нұрбек Райымбаев, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:

- Біз дәнді-дақылдар бойынша өзімізді толық қамтамасыз етіп отырмыз. Ауғанстан, Тәжікстан, Иранға экспортқа да жөнелтіліп отыр. Бүгінде 33 мың тонна дәнді-дақыл бидайлар экспортталды.

Күзгі егін орағын жүргізуге облыс бойынша 800-ден астам ауыл шаруашылық техникасы тартылған. Шаруаларға арзандатылған жанар-жағармай да берілуде. Биылғы түсімге қарап мамандар: «Биыл да нан бағасы тұратықты болатын шығар», – дейді.