Павлодарлық зейнеткер қайырымдылықтың үлгісін көрсетті

Ескі «Запорожец» көлігімен жол апатына ұшыраған павлодарлық Ефим Купин халық жинап берген қомақты қаражатты қайырымдылыққа жұмсады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгінгі күнге дейін қарияның есепшотына 13 млн теңге түскен. Әлеуметтік желіде тараған видеодан соң ел азаматтары зейнеткерге көмек қолын созған еді. Енді ол бұл ақшаны ауыр сырқатқа ұшыраған балалардың есепшоттарына аударып жатыр. Осы уақытқа дейін 85 жастағы зейнеткер бірнеше отбасының балаларына қаржылай көмектесті. Ол сонымен қатар халық шұғыл түрде жинап берген қаржыға зақымданған көлікті жөндеп берді.

Еске сала кетейік, әлеуметтік желіге апат болған сәттен тараған видео қазақстандықтардың назарын аудартты. Павлодарлықтар есепшот ашып, зейнеткердің мәселесін шешіп беруге атсалысты. Бұған өзге қала тұрғындары да бей-жай қарай алмаған. Мәселен, семейлік Асылбек Андабаев Купинге өзінің «Запорожең» көлігін сыйға тартты.

Айта кетейік, Ефим Купин жетімдер үйінің түлегі, өмір бойы энергетика саласында еңбек еткен.

Ефим Купин, зейнеткер

– Өмір бойы адал еңбек еттім. Ал апаттан соң жиналған қаражат менікі емес. Сондықтан көмекке зәру балаларға қол созуды ұйғардым. Осы уақытқа дейін үш балаға ақша аудардық. Біз алдымен айыппұлдардан құтылып, зақымданған көлікті жөндеп бердік.

Асылбек Андабаев, Семей қаласының тұрғыны:

– Ол кезде Ресейде оқуда болдым. Әлеуметтік желілерде зейнеткердің жол апатына ұшырағанын көріп қалдым. Кейін көлігімді сыйлауды шештім. Ефим атаның аман-сау болғанын қалаймын. Жолда ешқандай оқыс оқиғалар болмасын.